Netflix есеп берер алдында Уолл-стриттің ірі банктері оның акцияларының мақсатты бағасын көтерді

Жарияланды
Уолл-стриттегі ірі банктер тоқсан сайынғы есебінің қарсаңында Netflix акцияларының мақсатты бағасын көтерді / Фото: Robyn Beck/AFP

Bank of America мен Morgan Stanley әлемдегі ең ірі ағынды видео сервисі – Netflix акцияларының мақсатты бағасын көтерді. Өткен аптада JPMorgan Chase пен Goldman Sachs де осылай істеді. Netflix акцияларын жете бағаланбаған деп есептейтін BofA ірі жазылушылар базасының арқасында компания өседі, оған негіз болар ұзақмерзімді факторлар бар деп біледі.

Толығырақ

Netflix-тің 18 шілдеде жариялайтын тоқсандық есебінің алдында Bank of America стримингілік сервис акцияларының мақсатты бағасын жоғарылатып, әр қағаздың құнын 700 доллардан 740 долларға дейін көтерді де, «сатып алу» рейтингісін бекітті. Morgan Stanley сатып алу ұсынысының баламасы – «нарықтан жоғары» рейтингісін сақтай отырып, 700 доллардан 780 долларға көтерді. Өткен аптада JPMorgan Chase пен Goldman Sachs де Netflix акцияларының мақсатты бағасын көтерді, бірі 650 доллардан 750 долларға, екіншісі 600 доллардан 650 долларға көтерген.

Business Insider «Екінші тоқсанның қорытындысына қарасақ, болашақта жазылушы санының өсуіне септесетін алғышарттар бар» деп жазады Bank of America сарапшысы Джессика Рейф Эрлихке сілтеме жасай отырып. Netflix бірінші тоқсанда жаңадан 9,33 млн жазылушының қатарға қосылғанын хабарлаған болатын. Эрлих енді екінші тоқсанда компания 4,6 млн жаңа жазылушының пайда болғаны туралы хабарлайды деп күтеді. Бұл сарапшы сәуір-маусым айларында Netflix-тің кірісі 9,49 млрд доллар болады деп болжап, бірнеше ұзақмерзімді өсу факторын көріп отырғанын айтады.

«Әлемдік деңгейдегі брендтің, ірі жаһандық абоненттік базаның, жаңашыл ұстанымның және өсу факторларының ашықтығының арқасында Netflix күткенімізден асып түседі деп ойлаймыз, – деп жазды Эрлих. – Біз 2025 және 2026 жылдары жарнама (сатылымы) едәуір өседі деп күтеміз», – деді ол тағы.

Оның айтуынша, жарнама көрсетілетін Netflix-тің арзан тарифтік жоспары спорт бағдарламаларын тікелей таратудың арқасында «жоғары оптимизмді» тудыруы мүмкін.

«Тұтастай алғанда, бұл факторлар ұзақмерзімді әлеуетке қатысты алдағы бірнеше жыл ішінде маржаның ұлғаюы мен жылдам өсуіне үміт артқан оптимистік болжамымызды қуаттайды», – деді BofA сарапшысы.

Акция жайы

Netflix акциялары бірінші тоқсанның есебі жарияланғаннан бері 16%-ға өсті. «Бұған екінші тоқсандағы жазылымдарға қатысты күшті көрсеткіштер, Netflix-тің нарықтық позициясы мен ауқымын артығырақ бағалау, сондай-ақ компанияның жарнамаға қатысты жоспары төңірегіндегі оптимизм негіз болса керек», – дейді Business Insider.

Биыл Netflix құны 40%-ға өсті. FactSet деректері бойынша, Netflix акцияларының орташа мақсатты бағасы – бір қағазға 670,18 доллар, яғни ағымдағы биржалық бағадан 2,1%-ға жоғары. FactSet мәліметіне сәйкес, 53 сарапшының 32-сі акцияларды сатып алуға кеңес береді. 19 сарапшы акцияларды ұстап отыруды, екеуі сатуды ұсынады.

Контекст

Уолл-стриттегі ірі банктерден бөлек жуырда KeyBanc Capital Markets пен TD Cowen де стримингілік алпауыт акцияларына қатысты бағаларын көтерді. KeyBanc өкілі Джастин Паттерсонның пікірінше, НФЛ матчтарының трансляциясы мен «Кальмар ойыны» сериалының екінші маусымынан басталатын мықты контент-парақ жазылушылар санын одан әрі өсіреді. Паттерсонның пікірінше, Warner Bros. Discovery-лік Max, Comcast-тік Peacock (NBCUniversal) және Paramount+ секілді бәсекелестердің бағаны көтеруінен де Netflix акциялары ұтуы мүмкін. Өйткені олар бағасын көтерген кезде Netflix-ке де тарифтерін көтеруге мүмкіндік туады.

Сондай-ақ оқыңыз