Жаңалықтар

Росфинмониторинг «Крокустегі» терактінің артында Орталық Азия елдері азаматтарынан бөлек ресейліктердің де тұрғанын айтты

Шабуыл мұқият ойластырылып, халықаралық көмекші желі тартылған / shutterstock, бильд-редактор: Артур Алескеров

Мәскеу облысындағы «Крокус Сити Холл» концерт залында лаңкестік әрекетті ұйымдастыруда әртүрлі елдердің өкілдері, соның ішінде ресейліктер күдіктенеді, деп хабарлады Росфинмониторинг басшысы Юрий Чиханчин.

«Мен бұл әртүрлі елдердің өкілдері бар халықаралық команда деп айта аламын. Бұл Орталық Азия елдерінің, Еуропа елдерінің өкілдері және онда ресейліктер өте көп», – деді Чиханчин Ресей Федерациясы Дума кеңесінің қаржы нарығы мен бюджетке қатысты отырысында.

Ол шабуылдың өзі мұқият ойластырылғанын, халықаралық көмекші желі тартылғанын айтты.

Чиханчин жалғасып жатқан тергеуге сілтеме жасай отырып, басқа мәліметтерді ашпады.

22 наурыз күні Ресей астанасы Мәскеудегі «Крокус Сити» сарайында «Пикник» тобының концерті кезінде камуфляж киген белгісіз біреулер оқ жаудырып, артынша жарылғыш зат лақтырды. Шабуыл салдарынан 144 адам көз жұмып, 328 адам жараланды. Сол күні 11 адам ұсталды. 

Теракт бойынша 20 адамға қылмыстық іс қозғалды. Төрт күдіктінің қамауға алу мерзімі ұзартылды. «Крокус Сити» ісі бойынша құқық қорғау органдары жәбірленуші деп танылған 1700 адамнан жауап алды.

Шетелдік басылымдар ИГИЛ «Крокус Сити» ісі бойынша террорлық актіні мойнына алғанын жазды. Бірақ Ресей тарапы әуел бастан Украинаны айыптады. Көп ұзамай Зеленскийдің кеңесшісі мұны жоққа шығарды.  

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Мәскеудегі бейбіт азаматтарға қарсы террористік актіні қатаң айыптайды деп мәлімдеді. Сонымен қатар қажет болған жағдайда Қазақстан көмек қолын созатынын айтты. Тоқаев терроризмді мүлде ақтауға болмайтынын, БҰҰ-ға мүше мемлекеттерді жазықсыз азаматтарға қарсы зорлық-зомбылықтың бұл түріне бірауыздан қарсылық танытуға шақырды.