Кредиторлар алдындағы міндеттемелерді орындаудан жалтару мүмкіндігін болдырмау үшін банкрот деп танылған адамдар үш жыл бойы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер департаментінің бақылауында болады. Тиісті құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланды.
Мониторинг кезінде екінші деңгейдегі банктердің мәліметтері, тіркеуші мемлекеттік органдардың деректер базасы, сот органдарының деректер базасынан алынған ақпаратты зерделеу және талдау жолымен жүзеге асырылады.
«Борышкердің қаржылық жағдайына мониторингті облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен Астана бойынша Мемлекеттік кірістер департаменттерінің бөлімшелері жүзеге асырады», – деп жазылған құжатта.
Мұндай тұлғалардың қаржылық жағдайына мониторинг бірнеше сатыдан тұрады. Оның ішінде салық есептілігі нысандарынан, жеке тұлғаның кірістері мен мүлкі туралы есептер негізге алынады.
«Кредиторлардың шағымдары мен мәліметтері бойынша борышкер банкрот деп танылғаннан кейiн, үш жыл iшiнде мүлік, оның ішінде ортақ бірлескен меншіктегі мүлік туралы ақпаратты зерделеу және талдау жолымен жүзеге асырылады», – деп жазылған құжатта.
Еске сала кетсек, 2023 жылғы 3 наурыздан бастап елімізде «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілетін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заң күшіне енді. 2023 жылдың қазан айында Үкімет проблемалық қарыз алушыларды қамтуды кеңейту мақсатында Қаржы министрлігіне соттан тыс банкроттық рәсімін жеңілдету туралы тапсырма берген.
Мәжіліс депутаттары жеке тұлғалардың банкроттығын рәсімдеу барысын жеңілдетуді жоспарлап отыр.
2024 жылғы 27 маусымдағы жағдай бойынша Қазақстанда 13 мың адам банкрот деп танылған.