Қазақстанда соттан тыс банкроттықты рәсімдеу жеңілдетіледі

Жарияланды
Депутаттар жеке тұлғалардың банкроттығы рәсімін жеңілдетеді / Фото: Shutterstock

Мәжіліс депутаттары жеке тұлғалардың банкроттығын рәсімдеу барысын жеңілдетуді жоспарлап отыр. Бұл ақпаратты Мемлекеттік кірістер комитеті растады.

Өзгеріс соттан тыс банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру бойынша қабылданбақ. Ақпаратқа сүйенсек, аталған түзетулер қазір Мәжілісте қаралып, 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында енгізілмек.

Өзгерістер қатарында:

  • соттан тыс банкроттық рәсіміне сай келетін қаржы ұйымдарының тізбесін кеңейту. Бүгінде азаматтар тек банктер мен микроқаржы ұйымдарына қарыздарын есептен шығара алады;
  • борышкерлерді соттан тыс банкроттық туралы арызға құжаттарды қоса беру міндетінен босату;
  • 1 АЕК-тен (3692 теңге) төмен сомадағы қарызды өтелді деп есептемеу.

«Банкроттық туралы заңның 16-бабы бар. Онда борышкердің соттан тыс банкроттық рәсіміне өтініш беруі және осы өтінішке олардың аты-жөні, қарыз сомасы және орналасқан жері көрсетілген кредиторлардың тізімі қоса тіркеледі. Сондай-ақ борышкердің банктік қарыз шарты бойынша және шағын несие шарты бойынша есеп айырысу рәсімін бұрын жүзеге асырғанын растайтын құжаттың көшірмесін қоса береді. Жаңа түзетулерге сәйкес, өтініш беруші бұл екі құжатты ұсынудан босатылады», – деп түсіндірді Мемлекеттік кірістер комитеті.

Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру тәртібі бойынша:

  • 12 ай iшiнде қарызды қайтармау туралы талапты алып тастау;
  • төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспары бекітілгеннен кейін борышкерлерге елден шығуға тыйымды алу.

«Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі несие берудегі тәуекелдерді азайту туралы заң жобасын әзірледі. Қазір ол Мәжілісте қаралып жатыр. Ал талқылау барысында депутаттар оған азаматтардың банкроттық рәсімдерін жетілдіруге бағытталған түзетулер енгізуге бастамашы болды», – деп хабарлады Мемлекеттік кірістер комитеті.

Еске сала кетсек, 2023 жылғы 3 наурыздан бастап елімізде  «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілетін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заң күшіне енеді. 2023 жылдың қазан айында Үкімет проблемалық қарыз алушыларды қамтуды кеңейту мақсатында Қаржы министрлігіне соттан тыс банкроттық рәсімін жеңілдету туралы тапсырма берген.

Дүниежүзілік банк Қазақстан мен Өзбекстан тәжірибесі негізінде Орталық Азиядағы жеке тұлғалардың банкроттық тетіктерін салыстыратын құжат жариялады. Онда қаржы ұйымы Қазақстандағы жеке тұлғалардың банкроттығы рәсімін сынға алды.

Сондай-ақ оқыңыз