Банк ЦентрКредит актив көлемі бойынша Kaspi.kz-ті басып озды: банк конгломераттарының жиынтық активі 43,7 трлн теңгеге жеткен

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Банк конгломераттарының
Банк конгломераттарының актив көлемі өсті /Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

2024 жылдың І тоқсанында Қазақстандағы ең ірі үш банк конгломератының нарықтағы үлесі 64,7%-дан 59,6%-ға дейін төменденген. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің тоқсандық есебінде жазылған. Банк конгломераттарының активтері бірінші тоқсанда 1 трлн теңгеге (2,5%) өсіп, 43,7 трлн теңгеге жеткен.

Актив көлемі бойынша көш бастап тұрған үштік өзгеріссіз қалған. Бірінші орын әдеттегідей «Алмэкс» тобына (Halyk bank) тиесілі. Қаржы тобының активі қаңтар-наурыз айларында 400 млрд теңгеге кемігенімен, 15,9 трлн теңгені құрап оқ бойы озық тұр. 2023 жылдың І тоқсанымен салыстырғанда банктің активі 1,8 трлн теңгеге азайған.

Ал Банк ЦентрКредит актив көлемі бойынша Kaspi.kz-ті басып озып, екінші орынға тұрақтаған. І тоқсанда БЦК-ның активі 1,5 трлн теңгеге өсіп, жалпы 6,7 трлн теңгені құрады. Бір жыл ішінде банктің активі 2,3 трлн теңгеге өскен.

Банк конгломераттарының арасында актив көлемі бойынша үшінді орында – Kaspi.kz. Қаржы тобының І тоқсандағы активі 3,4 трлн теңгеге тең болған.

2023 жылдың соңында бірінші орында 15,5 трлн теңге активпен «АЛМЭКС» тобы тұрса, екінші орынды 6,8 трлн теңге активпен Kaspi.kz иеленген. Ал үшінші орында 5,2 трлн теңгемен БЦК конгломераты орналасқан еді.

Бұл үштікте жалпы несие портфелінің 65,5%-ы шоғырланған. Сонымен қатар клиент қаражаттың 62,6%-ы сақтаулы. 2023 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіштер тиісінше 73,9% және 70,4% болған.

Бұл кезеңде конгломераттар берген несие көлемі артқан: 682,3 млрд теңгеге өсіп, жалпы 22,7 трлн теңгені құрады. Осы көрсеткіш бойынша БЦК мен Еуразиялық қаржы компаниясы жақсы нәтиже көрсетті.

Бағалы қағаздар портфелі 318,7 млрд теңгеге (2,9%) өсіп, 11,4 трлн теңгені құрады. Бұл көрсеткіштің айтарлықтай өсуі JP Finance Group ( Нұрбанктің бас құрылымы) және БЦК (565,6 млрд. теңгеге) банк конгломератында байқалады.

Банк конгломераты – бұл банктен басқа да компанияларды, негізінен делдалдық, сақтандыру және инвестиция сынды компанияларды қамтитын экожүйе.

Сондай-ақ оқыңыз