«Қазақ ұлтына тіл тигізген» Ақмола облысының тұрғыны екі бап бойынша сот алдында жауап беретін болды. Бұл туралы «Курсивке» Ақмола облысының полиция департаментінен хабарлады.
«Полиция департаменті Ақмола облысы тұрғынының ұсталғаны туралы хабарлайды. Ол мас күйінде балағат сөз сөйлеп, сондай-ақ бір ұлтқа бағышталған қорлау сөздерін қолданған. Осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Сонымен қатар балағат сөздер бойынша әкімшілік іс қозғалды. Іс материалдары сотқа тиісті шараларды қарау және қабылдау үшін жіберілді», — делінген ведомство хабарламасында.
Мас азаматтың «қазақ ұлтына тіл тигізген» бейнежазбасын 17 шілдеде EGOV.PRESS Telegram арнасы жариялады. Өзін Семен Агафонов деп таныстырған ер адам орыстар қазақтарға «тұрып зәр шығаруды» үйретті деп мәлімдеген. «Украинаға даңқ!» (Слава Украине – ред.) деп ұрандаған қазақтарды «мәмбеттер» деп атаған. Агафонов өзі КСРО-да, қазіргі Украина аумағында дүниеге келгенін айтады.
Telegram-арнасының иелері видеоны жариялағаннан кейін, облыс прокуратурасына жүгініп, бейнежазбадағы азаматтың іс-әрекетіне құқықтық баға беруді сұраған.
Полиция «Курсивке» берген жауабында ер азаматтың әрекеті екі бап бойынша қаралатынын хабарлады: ҚР ҚК-нің 174-бабы «ұлтаралық араздықты тудыру, ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы “балағат сөздер айту».
Сәуірде алматылық Элина Лю қазақ халқы мен тілі туралы айтқан бейәдеп сөздері үшін екі жылға сотталған. Сот оны араздық тудырғаны үшін кінәлі деп тапты.
Әуезов аудандық сотының үкімінде 2023 жылы қазан айында 21 жастағы Элина Лю Тиктокта тікелей эфирде отырғанда жазылушылардың бірі оның ұлты, діні туралы сұрап, балағат сөздер жазып, қазақ тілінде сөйлеуді талап еткені жазылған. Жауап ретінде Лю қазақ тілін ұнатпайтынын айтып, бұл тілде тек ауылдан келген «мәмбеттер» сөйлейтінін айтқан (Ескерту! Сот «мәмбет» сөзін қазақ ұлтын және тілін кемсіту деп бағалаған). Сондай-ақ ол Алматыдағы кептелістерге ауылдан келгендер кінәлі деп айтқан.