Жаңалықтар

Дүниежүзілік банк грант бөлген: Аралды сақтау жөніндегі жобаның екінші кезеңі басталады

Аралды сақтау
Аралды сақтау бойынша жобаның екінші кезеңі басталады / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Су ресурстары және ирригация министрлігі Солтүстік Аралды сақтау жөніндегі жобаның екінші кезеңі басталатынын хабарлады. Жобаны Дүниежүзілік банк қаржыландырады.

Аралды құтқару бойынша жұмыстардың екінші кезеңі басталатыны жөнінде Қызылорда халқымен кездесу барысында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов айтты.

«Жобаның бірінші кезеңінің қорытындысы бойынша Көкарал бөгеті салынды және Солтүстік Аралдағы су көлемі 27,1 млрд текше метрге жетті. Екінші кезең су ресурстарын басқаруды жақсартуға, балық шаруашылығы мен экотуризмді дамытуға, өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға және Солтүстік Арал теңізінде су жинақтаудың көлемі мен тиімділігін арттыруға арналған», – деді министр.

Жоба үш негізгі бағыттан тұрады. Біріншісі – Солтүстік Арал мен Сырдария өзені саласындағы инфрақұрылымды дамыту және гидрологиялық жағдайын жақсарту. Екіншісі – Қызылорда облысындағы тұрақты экономикалық, әлеуметтік және экологиялық жағдайға қолдау көрсету. Үшіншісі – су ресурстарын басқарудың ақпараттық базасы мен жүйелерін жаңартуды қамтиды.

Министрліктің хабарлауынша, мамандар қазіргі уақытта Дүниежүзілік Банктің гранты есебінен жоба бойынша қажетті құжаттама әзірлеуге кіріскен.

Аралды құтқару бойынша қандай шаралар атқарылып жатыр?

Еске сала кетсек, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық етеді.

Аралды сақтау жобасы аясында Өзбекстан аумағында Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан қатысатын гидрогеологиялық болжау бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама Орталық Азия елдері арасындағы су ағындарын бақылауға мүмкіндік береді.Blue Peace Central Asia өкілдері жоба аясында Халықаралық Аралды құтқару қоры және Дүниежүзілік банк Орталық Азия үшін іске асырып жатқан су-энергетикалық бағдарлама (Cawep) шеңберінде су ресурстарын басқарудың өңірлік институттарын нығайту, сарапшыларды тарту және тәжірибе алмасу, трансшекаралық гидротехникалық құрылыстарды жаңғырту және реконструкциялау жұмыстары іске аспақ.

Дүниежүзілік банктен бөлек Арал теңізін құтқаруға Freedom Holding Corp. та жәрдемдеседі. Сол мақсатта банк Халықаралық Аралды құтқару қорымен меморандумға қол қойды. Халықаралық Аралды құтқару қоры директорының міндетін атқарушы Зауреш Әлімбетова меморандумға қол қою кезінде бұл оның тәжірибесіндегі ерекше оқиғалардың бірі екенін, себебі осыған дейін Аралды қалпына келтіруге инвестиция салуға дайын қаржы институтымен келісімге отырып көрмегенін айтқан еді.

2023 жылдың күзінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттері басшылары кеңесінде Ұйымды одан әрі дамытуға қатысты ұсыныстарын ортаға салды. Олардың қатарында Арал теңізі бассейніндегі су ресурстарын есепке алатын автоматтандырылған жүйе енгізу де бар.

2050 жылға қарай Сырдария мен Әмударияның су деңгейі 15 пайызға азаяды. Ал қос өзеннің суы тартылса, Арал теңізінің жағдайы одан әрі қиындай түспек. Тоқаев «Астана халықаралық форумында» Халықаралық Аралды қорғау қорын қолдау үшін көбірек қаржы бөлуге шақырған болатын. 

Экологтардың дерегінше, Арал теңізінің құрғаған қайраңының жалпы аумағы 2 млн гектарды құрайды. Ал Солтүстік Аралды қалпына келтіру мен құтқару жобасы халықаралық донорлардың да назарында.