Дэвид Бекхэм денсаулық саласында жаңа бренд қалыптастырмақ

Жарияланды 17 Шілде 2024 18:58

(жаңартылды 18 Шілде 2024 09:37)
post.authors.0.name

Светлана Ғалымжанқызы

Дэвид Бекхэм денсаулық саласында бренд қалыптастырады / Instagram/IM8Health/бильд-редактор Ахтам Зиперов

Даңқты футболшы Дэвид Бекхэм Prenetics биотехнология компаниясына инвестиция құйып, жаңа IM8 денсаулық брендінің иелерінің бірі болып жатыр. 

Танымал спортшы бизнес империясының шекарасын кеңейтуді жалғастырып келеді. Медицина ғылымымен айналысатын, қор биржасында тіркелген Prenetics компаниясының өркендеуіне де спортшының аты аз үлес қосқан жоқ. 

Adidas, Maserati мен Panini компаниялармен серіктестік, жеке Haig Club виски бренді мен 2018 жылы House 99 киім брендін шығарғаннан кейін, Бэкхэм америкалық биотехнология компаниясының стретегиялық инвесторына айналу туралы шешім қабылдаған. 

Prenetics компаниясының негізі Гонконгта қаланған. Генетикалық жоспарлау қызметін көрсететін компания 2021 жылы SPAC арқылы қоғамдық компанияға айналды. Ал оған қарасты CircleDNA компаниясы аурулардың алдын алумен айналысады. 2016 жылы ДНҚ негізінде тоқ ішек обырына жедел скриниң жасау бойынша өнім дайындады. Ал 2023 жылы қарамағындағы тағы бір Insighta компаниясы Қытайдағы Гонконг университетімен бірлесіп жалпы құны 200 млн доллар болатын ДНҚ-ны  бірқатар негізгі ауру мен ісікке тексеретін ұйым құрғалы жатқанын хабарлады. Ал Британиядағы бөлімше пандемия кезінде футболды қайта жалғастыру үшін  премьер-лигаға COVID-19-ды тестілеу құрылғысын таныстырды. 

Бекхэм мен IM8 компаниясы жаңа денсаулық брендінің иесі болады. Бұл бренд денсаулыққа арналған тауарлар өндірумен айналысады. Нақты қандай тауар болатыны белгісіз. Компания да, Дэвид Бекхэм де келешекте хабарлайтынын ғана айтты. 

Жалпы IM8 туралы ақпарат аз. Ресми сайтында компания негізін қалаушылардың бірі бұрынғы NASA қызметкері екені жазылған. Бекхэм компания иелерінің бірі ғана емес, таныстырушысы, елшісі атанғаны да жарияланыпты. 

Ал Бэкхэм бұл жаңалықты хабарлай отырып, еңбек жолында медицина, фитнес пен жаттығу салаларындағы көптеген пайдалы мамандармен байланыс орнатқанын айтты.

«Олардың кеңесі мен еңбегі менің денсаулығым мен карьерама үлкен үлес қосты», – дейді бұрынғы футболшы.

Сонымен қатар Prenetics компаниясын да осы саладағы инновациямен айналысатын компания ретінде атап өтті. 

Prenetics-тің бас директоры Дэнни Юнг Бэкхемнің компанияға қосылуын «жаңару дәуірі» деп атады.

«Дэвид десек тәртіп, ұжымдық жұмыс, денсаулық еске келеді. Денсаулық индустриясына елеулі үлес қосуға ерекше мүмкіндік туып тұр», – дейді компания иесі.

Сондай-ақ оқыңыз