Павлодар облысының прокуратурасы белгілі кәсіпкер Рашит Сәрсеновке қатысы бар «KSP Steel» ЖШС-ден 106 миллион теңге өндірді. Компания қоршаған ортаға зиян келтірген.
Прокуратура «KSP Steel» ЖШС 8,5 мың тонна қауіпті қалдықты рұқсатсыз бергені анықтаған. Бұл экологиялық заңнама талабына қайшы. Forbes мәліметінше, компанияның негізін қалаған – Эдуард Креймер мен Asia Pacific Investments Limited. Бұл компанияның белгілі қазақстандық кәсіпкер Рашит Сәрсеновпен байланысы бар.
«Қадағалау актісі бойынша салық органдары хабарлама беріп, «KSP Steel» ЖШС-ден қоршаған ортаға зиян келтіргені үшін 106 миллион теңге көлемінде алым өндірілді», – делінген хабарламада.
Прокуратура осы бағыттағы жұмыстардың жалғасып жатқанын баса айтты.«KSP Steel» ЖШС – 2007 жылы құрылған зауыт. Кәсіпорын өз өнімдерін Ресей, Әзірбайжан және Түркіменстанға экспорттайды.
Бұған дейін kursiv.media Маңғыстау облысының прокурорлары Каспий теңізі жағалауындағы 3,4 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтарғанын жазған. Жердің құны 30 миллиард теңгені құрады, иесі -«Гелиос» ЖШС болды. Аталмыш компания байлығы 900 млн долларды құрайтын Сәрсеновтердің отбасына тиесілі.
«Гелиос» компаниясының 270 жанар-жағармай құю бекеті мен 26 мұнай базасы бар. Компания Сарсеновтер активінің құрылымына кіреді. Желі қазір Анжела Сәрсеноваға тиесілі. Кәсіпкердің ұлы Эльдар Сәрсенов JP Finance Group компаниясы арқылы Нұрбанктің 87,87% акциясына иелік етеді. Сондай-ақ Сәрсеновтер отбасы – «Виктория» сақтандыру компаниясының негізгі акционері, KSP Steel, «Кастинг» компаниясы, Caspian Riviera қонақүйі және AltynEx Company алтын кенішіндегі акцияларға иелік етеді.