ҚМГ мен «Лукойл» компаниясы «Қаламқас-теңіз және Хазар» жобасы бойынша мердігерді таңдауға кірісті. Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасеновтың Мәскеуге іссапармен барысында белгілі болды.
«Лукойл» ЖАҚ басшылығымен өткен кездесуде ортақ жобалардың ағымдағы мәртебесі қаралды.
«Атап айтқанда, «Теңіз» және» Қарашығанақты» кеңейту, сондай-ақ қазіргі уақытта жобалау бойынша мердігерді таңдау рәсімі жүріп жатқан «Қаламқас-теңіз және Хазар» жобасын іске асыру мәселелері қозғалды. Тараптардың жоспарына сәйкес, салмағы 14 мың тонна металл конструкциялары бар теңіз платформасының жоғарғы бөлігінің құрылысы қазақстандық верфте жүргізілуі тиіс», – деп хабарлады компания.
2024 жылғы 10 ақпанда «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ және «Лукойл» ЖАҚ Каспий теңізінің Қазақстан бөлігіндегі «Қаламқас-теңіз, Хазар, Әуезов» жер қойнауы учаскесін игеру жобасы бойынша бірқатар келісім жасасты. Тараптар Қатысушылар келісіміне, «Kalamkas-Khazar Operating» ЖШС жарғылық капиталында 50% қатысу үлесін сатып алу-сату шартына және Қатысушылардың оператор қызметін қаржыландыру шарттары туралы келісімге қол қойған болатын.
2023 жылдың сәуірінде «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ Қаламқас-теңіз, Хазар және Әуезов жер қойнауы учаскелерінде көмірсутектерді өндіруге арналған келісімшартқа толықтыру жасалғанын хабарлаған. Келісімшарт бойынша «Kalamkas-Khazar Operating» ЖШС жер қойнауын пайдаланады
Ал 2024 жылдың ақпан айында ҚМГ Қаламқас-Теңіз және Хазар жобасы бойынша мұнай өндірісі 2028-2029 жылдары басталатыныбелгілі болды.