Қаржы министрлігі Ұлттық қор есебінен «Қазатомөнеркәсіптің» акцияларын сатып алуды мемлекеттік бюджетті қаржыландыру емес, тиімді инвестиция деп есептейді

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Ұлттық қордың қаржысы «Қазатомөнеркәсіптің» бағалы қағаздарына салынады / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қаржы министрлігі «Қазатомөнеркәсіптің» акцияларын Ұлттық қор есебінен сатып алу «тиімді инвестиция» деп мәлімдеді. Өйткені уран өнеркәсібі инвестициялық тартымды сала болып табылады. Бұл туралы ведомствоның «Курсивтің» ресми сауалына берген жауабында жазылған.

«Ұлттық қордың қаржы құралдарын әлемдегі ең ірі уран компанияларының бірінің бағалы қағаздарын қосу арқылы кеңейту заңды әрекет. Қазіргі уақытта уран өнеркәсібі тартымды инвестициялық салалардың бірі. Осылайша, бес жыл ішінде «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ табысы үш есеге артты. 2019 жылы пайда 318 млрд теңгені, 2022 жылы 929 млрд теңгені құрады», – деп түсіндірді Қаржы министрлігі.

Бірақ бұл жағдайда жеңілдікпен жасалған мәміле сатушы үшін нарықтық бағамен салыстырғанда тиімді болмауы мүмкін. Сонымен қатар бағалы қағаздардың жеңілдікпен сатып алынатынын ескерсек, акциялар қымбаттаған кезде бюджетке қаражат аз түсуі ықтимал. Қаржы министрлігі өз жауабында бұл туралы сөз қозғамады.

Бұған дейін Қазақстан Үкіметі республикалық бюджетті қаржыландыру үшін Ұлттық қор қаржысына «ҚазМұнайГазбен» қатар «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының акцияларын сатып алуға рұқсат берген.

2023 жылы Үкімет ҚМГ акцияларын сатып алу арқылы Ұлттық қордан 1,3 трлн теңге шығарып алғаны белгілі.

Қаулыға 2023 жылы енгізілген өзгерісте тек «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының акциялары сатып алынатыны жазылған. Бұл түзетуде «Қазатомөнеркәсіп» акцияларына қатысты тармақ болмаған. Қазіргі уақытта компания акцияларының 75%-ы «Самұрық-Қазына» қорына, ал 24,34%-ы номиналды ұстаушыларға тиесілі.

Сондай-ақ оқыңыз