Шымкенттік «Ордабасы» бюджеті екі есе аз молдовалық командадан жеңіліп қалды

Жарияланды 18 Шілде 2024 14:56

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
«Ордабасы» бюджеті екі есе аз командадан жеңіліп қалды / коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

17 шілде күні Молдованың Кишинев қаласында Чемпиондар Лигасы аясында «Ордабасы» мен «Петрокуб» командалар арасында ойын өтіп, отандық клуб 1-0 есебімен жеңілді.

Trasfermarket мәліметі бойынша, «Ордабасы» футбол клубының құны 11,05 млн еуроны құраса, Молдовалық ұжым 6 млн еуроға бағаланып отыр.

Сондай-ақ ойыннан кейін молдовалық бапкер Андрей Мартин өз сөзінде қазақстандық команданың бюджетін тілге тиек етті.

«Әрине, «Петрокуб» пен «Ордабасы» екі түрлі ойын мәнерін көрсететін құрамалар. «Ордабасы» бюджеті біздікінен қанша есе көп екенін білмеймін. Бірақ футболда ақша маңызды рөл атқармайды, алаңда адамдар ойнайды. Біздің ойыншыларымыз эмоциялармен күресіп, екі кездесуде де сапалы ойын көрсете білді», – деді Андрей Мартин.

Айта кетейік, Мемлекеттік сатып алулар мәліметі бойынша, шымкенттік «Ордабасы» футбол клубына жыл басынан бері 4 млрд 300 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар шымкенттік «Ордабасы» футбол командасының дайындығы мен олардың 2024 жылы УЕФА Еуропа Лигасы мен УЕФА конференциялар Лигасына қатысуын қамтамасыз ету мақсатында 1 млрд 71 млн теңге бөлінді.

Қазақстанның былтырғы чемпионы «Ордабасы» клубы УЕФА Лигасының топтық кезеңіне дайындалу үшін 2023 жылы бюджеттен 2,3 млрд теңге жұмсады. Алайда бірінші кезеңде Польшаның «Легия» командасынан жеңіліп қалды. Биыл осы жағдай тағы қайталанып отыр.

Ендігі кезекте «Ордабасы» Еуропа лигасы аясында Люксембургтың «Дифферданж 03» командасымен кездеседі.

Сондай-ақ оқыңыз