Жаңалықтар

Құмар ойынға тәуелді азаматтар МӘМС бойынша тегін оңалтудан өтеді

Қазақстанда құмар ойынға тәуелді азаматтар лудоманиядан МӘМС бойынша емделе алады / Фото: kursiv.media

Қазақстанда құмар ойынға тәуелді азаматтар тегін оңалтудан өте алады. Бұл жайлы Ортлық коммуникациялар алаңында өткен брифингте ҚР Туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаев айтты.

«Бұл санаттағы азаматтарға мемлекет кепілдендірілген медициналық әлеуметтік көмек шеңберінде көмек көрсетеді. Өңірлерде психикалық денсаулық орталықтары бар»,  – деді министрлік өкілі.

Айтуынша, әр адамның емделу уақыты әртүрлі болады, орталықтарда азаматтардың лудоманияға шалдығу жағдайына қарай психикалық ем көрсетілмек.

Сонымен бірге Төлебаев заңмен қатар, 31 мамырда Үкімет 2026 жылға дейін ойынға тәуелділікпен күресудің кешенді жоспары бекітілгенін айтты. Жоспарға сәйкес алдағы екі жыл ішінде Үкімет букмекерлік кеңселер мен казинолардың белсенді клиенттерінің санын 42%-ға қысқартуды, яғни 350 мың тұтынушыдан, 201 мыңға дейін қысқартуды көздеп отыр.

Ал тегін оңалтудан өтіп жатқан құмар ойындарға тәуелді адамдарды қамту 300 адамға дейін артады деп күтілуде. Қазіргі уақытта небары 14 адам ғана тегін көмекке жүгінген. Сонымен бірге Үкімет жыл сайын кем дегенде 7 мың онлайн казино мен букмекерлік сайттарды бұғаттап отырмақ.

Ал қабылданған заң негізінде құмар ойындар мен бәс тігуді жарнамалауға, оның ішінде СМС-хабарламалар арқылы жарнамалауға шектеу қойылады.

«Букмекерлердің сыртқы жарнамасына, соның ішінде көлік құралдарында жарнамалауға тыйым салынады. Букмекерлік кеңселер, спорт ғимараттарына және спортшылардың жабдықтарына ғана ерекшелік жасалады. Осыған ұқсас норма масс-медиаға, оның ішінде интернет-ресурстарға қатысты қарастырылған. Бұдан былай азаматтар букмекерлік кеңселерді жарнамалайтын SMS-тер алмайды», – дейді вице-министр.

Сонымен қатар заң аясында борышкерлердің бірыңғай тізіліміне енгізілген адамдардың құмар ойындарға қатысуына және бәс тігуіне тыйым салынады. Мұндай адамдар саны, уәкілетті органның деректері бойынша, шамамен 3,5 млн-ды құрайды.

«Норма азаматтарды ұтыс тігіп, соның есебінен қарыздарды жабуға тырысу әрекетінен қорғайды», – дейді Төлебаев.

Вице-министрдің мәліметінше, құмар ойындарға қатысуды өз бетінше шектеген тізімде 150 мыңнан астам адам бар. Ойын бизнесі мәселелері туралы жаңа Заңға сәйкес жеке тұлғаларды құмар ойындарға қатысудан және бәс тігуден өз бетінше шектеудің ең ұзақ мерзімі 10 жылға дейін ұлғайтылған. Сондай-ақ министрлік өкілі мемлекеттік және әскери қызметшілерге құмар ойындарға қатысуға тыйым салынғанын, тыйымның орындалуын мемлекеттік органдардың кадр қызметі, Антикор және Мемлекеттік қызмет істері агенттігі қадағалайтынын айтты.

Лудоманияға қатысты заң туралы

Еске сала кетсек, 8 шілде күні президент лудоманияға қатысты заңға қол қойды. Заң арқылы халықтың ойынға тәуелділігін төмендетуге бағытталған шектеуші және ынталандырушы нормалар енгізілген. 

Қазақстандықтар eGov mobile арқылы өздеріне құмар ойын ойнауға тыйым сала алады. Электронды жүйе арқылы ойын мекемелеріне және букмекерлік кеңселердің сайттарына кіруге 6 айдан 12 айға дейін тыйым салуға болады.

Сонымен бірге заң жобасында құмар ойындарда бәс тігу жасы ұлғайтылады. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес 21 жастан асқан азамттарға құмар ойындарына бәс тігуге рұқсат етілген. Жаңа заң жобасында бұл шектеу кеңейтілген, енді 25 жасқа толмаған адамға бәс тігуге тыйым салынбақ. Ал ойнау жасына келмеген азаматтарға заңсыз ойын ойнауға мүмкіндік берген заңды тұлғаларға қомақты көлемде айыппұл салынып, қайталанатын жағдайда лицензиялары тоқтатылады.