1-сыныпқа қабылдау үшін мектепке қандай құжаттар тапсыру қажет?

Жарияланды 18 Шілде 2024 18:14

(жаңартылды 19 Шілде 2024 09:15)
post.authors.0.name

Айшолпан Керім

1-сыныпқа қабылдау үшін қандай құжаттар тапсыру қажет? / коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2024 жылдың 18 шілдесінде Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі бірінші сыныпқа қабылдау үшін құжаттарды қабылдау жалғасып жатқанын мәлімдеді. 1-сыныпқа қанша жастан бастап қабылданады? Қандай құжат қажет және оларды қайда тапсыру керек? Мектеп құжаттарды қабылдамай қоюы мүмкін бе? Kursiv Media осы және өзге де сұрақтарға жауап әзірледі.

Бірінші сыныпқа қабылдау шарттары

Баланы бірінші сыныпқа қабылдау үшін ешқандай емтихан, тест өткізілмейді, білімі тексерілмейді. Жалпы білім беретін мектептер баланың дайындық деңгейіне қарамастан, мектеп қызмет көрсететін аумақта тұратын алты жастағы және жыл соңына дейін алты жасқа толатын балаларды бірінші сыныпқа қабылдауға міндетті.  

Мектеп қызмет көрсету аумағына қарай жергілікті білім бөлімінің бұйрығымен бекітіледі.

Құжатты қайда және қашан өткізу керек?

Бірінші сыныпқа баратын баланың ата-анасы немесе заңды өкілі құжаттарды 1 сәуірден 1 тамызға дейін тапсыруы қажет. Құжаттарды екі жолмен өткізуге болады:

  • eGov порталы арқылы онлайн;
  • тікелей мектепке апарып өткізу.

eGov порталы арқылы онлайн өтінім жіберу үшін ата-ананың немесе баланың заңды өкілінің ЭЦҚ кілті, негізгі және қосымша телефон нөмірі мен электрон поштасы болуы қажет.

Қажет құжаттар тізімі: 

  • баланың ата-анасының немесе заңды өкілінің өтініші (сайтта толтырады);
  • баланың 3х4 көлеміндегі фотосуреті (екі дана).
  • 026/у-3 және 063/у нысандары бойынша баланың денсаулық жағдайы туралы анықтамалардың түпнұсқасы.

Өтінім жіберуге көп дегенде 15 минут кетеді. Қол қойып жібергеннен кейін жеке кабинетке өтініштің күні мен уақыты көрсетілген ақпарат жіберіледі. «Қызметтерді алу тарихы» бөліміне 1 қыркүйектен бастап баланың мектепке қабылданғаны туралы электрон хабарлама немесе бас тарту туралы дәлелді  хабарлама келіп түседі.

Мектеп құжаттар мен олардағы деректер анық болмаса, жалған болса, құжаттар белгіленген талаптарға сай келмесе, сынып шамадан тыс толып қалса, баланы бірінші сыныпқа қабылдаудан бас тартуы мүмкін.

Мұндай жағдайда жергілікті білім басқармасының басшысының атына немесе Оқу-ағарту министрлігіне (мектепке дейінгі және орта білім беру департаменті) шағым жазуға болады. Басқарма шағымды – бес жұмыс күні ішінде, ал министрліктегі департамент 15 жұмыс күні ішінде қарауға тиіс.

Ал баланы бірінші сыныпқа қабылдау туралы шешім шыққаннан кейін мектепке мына құжаттарды тапсыру қажет:

  • баланың ата-анасының немесе заңды өкілінің өтініші;
  • өтініш берушінің жеке куәлігінің көшірмесі;
  • 026/у-3 және 063/у нысандары бойынша баланың денсаулық жағдайы туралы анықтамалардың түпнұсқасы.
  • 3х4 көлеміндегі фотосурет (екі дана).

Құжаттарды оффлайн тапсыру

eGov порталынан бөлек, ата-аналар құжаттарды мектепке апарып та тапсыра алады. Білім беру ұйымының қызметкері ата-аналар тапсырған құжаттарды тіркеп, оларға бір жұмыс күні ішінде баланың 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап мектепке қабылданатыны туралы бекітілген үлгідегі қолхат немесе дәлелді бас тарту туралы қолхатын береді.

Оффлайн өтінім үшін қажет құжаттар:

  • баланың ата-анасының немесе басқа заңды өкілдерінің өтініші;
  • өтініш берушінің жеке куәлігінің көшірмесі;
  • 3х4 көлеміндегі фотосурет (екі дана).
  • 026/у-3 және 063/у нысандары бойынша баланың денсаулық жағдайы туралы анықтамалардың түпнұсқасы.

Онлайн не офлайн өтініш беру бұйрықтың шығу мерзіміне еш әсер етпейді. 

Мектепті қалай таңдаймыз?

Жалпы білім беретін мектепке тіркеу кезінде баланың тұрғылықты мекенжайы маңызды емес. Ата-ана баласына ыңғайлы мектепке өтініш бере алады. Өтінішті тек бір мектепке беруге болады. Әр мектеп өзінің аумағы бойынша үш, өзге аумақтан бір оқушы қабылдай алады. 

Балалар сыныпқа қалай бөлінеді?

Балалардың сыныпқа бөлінуі де белгілі бір тәртіппен жүзеге асады. Бірінші құжат тапсырған 25 оқушыдан бір сынып жинақталса, қалғандары келесі сыныпқа жіберіледі. 

Шілде-тамыз айларында құжат тапсырған кезде сыныпта орын болмай қалуы мүмкін. Мұндай жағдайда ата-аналар өзінің тұрғылықты мекенжайы бойынша басқа мектепті қарастыруға тиіс. Өз бетінше шешім қабылдай алмаса, жергілікті білім басқармалары көмектеседі.

2024 жылы құжат тамыз айының соңына дейін қабылданады. Қазірдің өзінде мектепке қабылдауға жалпы 335 469 өтініш түскен, оның ішінде 310 952 бала қабылданған.

Сондай-ақ оқыңыз