Аталған министрлік балалардың денсаулық паспортын электронды үлгіде ұсынбақ. Ата-аналар бұл құжатты бірінші сыныпқа түскен кезде міндетті түрде мектепке тапсыруы тиіс. Сонда шамамен жыл сайын 380 мыңнан астам баланың құжаты қағаз күйінде беріледі.
Денсаулық паспортында профилактикалық іс-шаралар туралы ақпарат көрсетіледі. Ата-ана қауымы енді қағазбастылықтан арылмақ. Жаңа оқу жылында әбігерге түспейді. Министрлік EGov Mobile-мен электрондық паспортты интеграциялау үдерісі тамызда аяқталатынын қаперге салды.
Электронды жүйе тиімді болмақ. Тұрғындар алдағы уақытта eGov Mobile және eDensaulyq электронды қызметі арқылы мәліметтерге қанық болып отырады. Мектептер маңызды ақпаратты емханаларға автоматты түрде жолдайды.
«Бұл құжатты қағаз жүзінде жүргізу көбінесе оның жоғалуына немесе өзекті деректерді жоғалтып алуға, емханаларда ұзақ күтуге әкелді. Осы проблемаларға жауап ретінде Денсаулық сақтау министрлігі Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, баланың денсаулық паспортын электрондық форматқа ауыстыруға кірісті. Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелерін тестілеу кезінде баланың 72 электрондық денсаулық паспорты (052-2/е нысаны) қалыптастырылды», – деп хабарлады ведомство.
2024 жылдың 18 шілдесінде Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі бірінші сыныпқа қабылдау үшін құжаттарды қабылдау жалғасып жатқанын мәлімдеді.
Бірінші сыныпқа баратын баланың ата-анасы немесе заңды өкілі құжаттарды 1 сәуірден 1 тамызға дейін тапсыруы қажет. Құжаттарды екі жолмен өткізуге болады:
- eGov порталы арқылы онлайн;
- тікелей мектепке апарып өткізу.
eGov порталы арқылы онлайн өтінім жіберу үшін ата-ананың немесе баланың заңды өкілінің ЭЦҚ кілті, негізгі және қосымша телефон нөмірі мен электрон поштасы болуы қажет.
Қажет құжаттар тізімі:
- баланың ата-анасының немесе заңды өкілінің өтініші (сайтта толтырады);
- баланың 3х4 көлеміндегі фотосуреті (екі дана).
- 026/у-3 және 063/у нысандары бойынша баланың денсаулық жағдайы туралы анықтамалардың түпнұсқасы.