Жаңалықтар

Eli Lilly акциялары үш жылдан астам уақыт ішіндегі «ең жаман күнді» басынан өткерді

Eli Lilly арықтатуға арналған дәрмегін Zepbound брендімен сатады / Фото: Reuters/Brendan McDermid

Артық салмағы бар адамдарға арнап жасаған препаратымен әйгілі Eli Lilly фармацевтикалық компаниясының акциялары бейсенбі, 18 шілдеде, арзандады. Бұл кем дегенде 2021 жылғы наурыздан бергі бір күн ішіндегі ең жаман құлдырау болды. Арықтауға арналған инъекция өндіруші Novo Nordisk акциялары да 4%-ға арзандады. Осы екі компанияның да сәрсенбі, 17 шілде күні, басталған құлдырауы әлі тоқтаған жоқ. Ал Roche акциялары 18 шілдеде, керісінше, жыл ішіндегі максимумды жаңартты.

Толығырақ

Eli Lilly акциялары АҚШ-тағы саудада 6,26%-ға, яғни 848,9 долларға дейін түсіп кетті. Бұл – бір айдан сәл артық уақыт ішіндегі екінші рет болып отырған құлдырау. Бір күн ішінде 7,6%-ға – 836,66 долларға дейін төмендеген сәті болды. Осы межеден соңғы рет маусым айының басында түсіп кеткен еді. 18 шілде күнгі саудадағы құлдырау Eli Lilly үшін кем дегенде 2021 жылғы наурыздан бергі ең жаманы болды дейді MarketWatch.

Novo Nordisk қолхаттары АҚШ-та 4%-ға – 129,99 долларға дейін төмендеді. Бір күн ішінде қағаздар 6,3%-ға арзандап, әрбірі 126,83 доллар болды, бұл 8 мамырдан кейінгі ең төменгі көрсеткіш еді. Копенгагендегі саудада Novo акциялары 3,48% жоғалтты.

Швейцария биржасындағы Roche акциялары, керісінше, 1,6%-ға қымбаттап, жабылардағы әр акция құны 278,4 швейцар франкі ($313,7) болды. Бұл – 2023 жылғы 18 маусымнан бергі жыл ішіндегі де, ай ішіндегі де максимум.

Инвестор үшін бұл нені білдіреді?

Инвесторларды арықтатуға арналған дәрі-дәрмек өндірушілер арасындағы бәсекелестіктің күшеюі алаңдатады деп есептейді MarketWatch. Бейсенбі, 18 шілдеде күні Eli Lilly мен Novo Nordisk қағаздарының құлдырауы тоқтамады. Құлдырау сәрсенбі, 17 шілдеде Roche компаниясының артық салмағы бар жандарға арналған препаратты зерттеудің ерте кезеңдерінің табысты нәтижелері туралы мәлімдемесінен кейін басталған.

Сарапшылар Eli Lilly акцияларына әлі де оптимизммен қарап отыр дейді MarketWatch. Мысалы, Truist компанияның адамды арықтатуға арналған әзірлемелер портфелі «үлкен» екенін айтады. Truist сарапшылары Buy (қағаздарды сатып алуға шақыру) рейтингісі мен бейсенбі, 18 шілдедегі сауда жабылардағы бағадан 18%-ға жоғары 1 мың доллар мақсатты бағасын сақтап қалды.

«Roche мәлімдеген жетістік Eli Lilly әзірлемелерінің көрсеткіштеріне тең секілді көрінгенімен, мұның әлі сынақтың бірінші кезеңінің алғашқы нәтижелері екенін ұмытпаған жөн», – деді BMO Capital Markets сарапшысы Эван Дэвид Сайгерман. Ол америкалық фармацевтикалық компанияның акциялары үшін Outperform («нарықтан жоғары») рейтингісін сақтап қалды.

Акция жайы

Сарапшының көбі Eli Lilly акцияларын сатып алуға кеңес береді: 17 Buy және төрт Overweight рейтингісі екенін FactSet көрсетті. Алты сарапшы (Hold рейтингісі) ұстап отыруды, біреуі сатуды (Underweight рейтингісі – «нарықтан төмен») ұсынады.