Авто

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі утильалымы бойынша петиция талаптарын қанағаттандырудан бас тартты

Петицияны қарау барысында барлық заңнамалық талаптар сақталды ма? / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев утильалымы мен алғашқы тіркеуге қарсы петицияға талаптарын қанағаттандырмайтынын мәлімдеді.

«Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, басқа да мемлекеттік органдар мен қоғам белсенділері арнайы жұмыс тобын құрып, утиль алымы мен алғашқы тіркеуге қатысты петицияны қарастырды. Ашық қоғамдық талқылау нәтижесінде, петиция талаптарын қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылданды», – деп мәлімдеді министр.

Бұл тұста ол петицияны қарау барысында барлық заңнамалық талап сақталды деп есептейді.

Утилизация алымы – мемлекетке төленетін бір реттік төлем, ол келешекте көлікті утилизацияға жіберген кезде жұмсалуға тиіс қаржы. Қазақстанда көлікті елге алып келгенде төленетін утильалым 2016 жылы 1 қаңтарда енгізілді. Кейін қоғам тарапынан сынға ұшырап, 2022 жылы қайта қаралды. Сол жылғы мамырда утиль алымның жаңа мөлшерлемелері жарияланды. Төлем 50%-ға азады. Қазіргі таңда бұл іспен «Жасыл Даму» АҚ айналысады.

2024 жылы мамыр айының соңында E-Petition.kz ресми порталында жарияланған утильалымға қатысты петицияны қарауға қажетті қол жиналған болатын. Әкімшілік-рәсімдік процестік кодексінің  90-4-бабына сәйкес 50 000 қол жиналған петиция ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің қарауына жолданды. Мәдениет және ақпарат министрлігі өтініш оны тіркеген сәттен бастап 40 жұмыс күніне дейінгі мерзім ішінде қаралатынын мәлімдеген болатын.