Жаңалықтар

Тамыздан бастап ғалымдарға ғылыми дәрежесі үшін берілетін қосымша төлемдер өседі

Ғалымдарға берілетін төлем 185 мың теңгеге дейін артады / Фото: kursiv.media

Тамыздан бастап, қазақстандық ғалымдар мен ғылыми қызметкерлердің ғылыми дәрежелер үшін қосымша төлемдер өседі. Бұл жайлы 29 шілдеде күшіне енетін Үкімет қаулысында жазылған.

Қабылданған қаулыға сәйкес ғалымдарға атағы мен ғылыми дәрежесі үшін алатын қосымша төлем мынадай көлемде беріледі:

  • ғылым кандидаттары, философия докторлары (PhD), сала докторлары – 17 АЕК. Бұл 62 764 теңгені құрайды;
  • ғылым докторлары – 34 АЕК – 125 528 теңге;
  • ғылым кандидаты, философия докторы (PhD) және ғылым докторы ғылыми дәрежесі бар доценттер – 25 АЕК – 92 300 теңг
  • докторлық дәрежесі бар доценттер – 42 АЕК – 155 064 теңге;
  • ғылым кандидаты, философия докторы (PhD), ғылым докторы және ғылым докторы академиялық дәрежесі бар профессорлар – 50 АЕК – 184 600 теңге.

Көрсетілген қосымша ақы ғылыми ұйымдарды базалық қаржыландыру және қаржыландыру шеңберінде немесе гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобалары бойынша бекітілген сомалар шегінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізетін ғалымдарға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтары саналатын оқытушыларға беріледі.

Еске сала кетсек, Қазақстан университеттеріне жыл сайын 100-ден астам шетелдік ғалымдар келіп жұмыс істейді. Оларға оқу орындары 1 миллионға жуық жалақы төлейді. Жалақы оқу орындарының өз қаражаты есебінен төленеді.

Ал қазақстандық ғалымдардың қанша жалақы алатыны жөнінде ҚР ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Заки айтып берді. Оның айтуынша, қазіргі таңда ғалымдарымыздың орташа жалақысы шамамен 250 мың  теңгені құрайды. Профессор, докторлық қосымша тәжірибесі болатын болса  500-600 мыңға дейін барады.