Жаңалықтар

Соңғы 6 айда 9 мыңға жуық этникалық қазақ тарихи отанына оралған

қандас
Қытайдан Қазақстанға 40,9% этникалық қазақ оралған / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

2024 жылдың соңғы 6 айында Қытайдан, Өзбекстаннан, Түрікменстаннан, Ресейден 8758 этникалық қазақ тарихи отанына оралған. Бұл жайлы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«2024 жылдың 1 шілдедегі жағдай бойынша 8 758 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 137,1 мың этникалық қазақ оралды»,  – делінген хабарламада.

Атамекеніне оралған азаматтардың басым бөлігі, яғни 49,5%-ы Қытайдан келген екен. Ал Өзбекстаннан 34,7%, Түрікменстаннан 5,9%, Моңғолиядан 3,3%, Ресейден 1,3% қазақ қоныс аударған.

Олардың ішінде еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар үлесі 59%-ды құрайды. Ал еңбекке қабілетті жастан кіші жастар үлесі 31,1% болса, зейнеткерлер үлесі 9,9%

Министрлік елге оралғандардың білім деңгейі бойынша көрсеткіштерге де тоқталған. Оған сәйкес еңбекке қабілетті жастағы қандастардың 17%-ында жоғары білімі бар. Ал 23,2%-ында орта кәсіби білімі, 55,2%-ында жалпы орта білімі бар болып шыққан. Ал 4,6%-ы білім алмаған.

Отанына оралған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанған. Үкімет қандастарды орналастыру үшін еңбек күші тапшы өңірлерді анықтаған. Олар – Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары. Бұл өңірлерге 2024 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 2 433 адамды құрайды. 2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 1891 қандас қоныс аударған.

Министрлік мұндай өңірлерге баратын қандастарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетінін хабарлайды.

«Аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады – бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (258 440 теңге) мөлшерінде; тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (55 380 теңгеден 110 760 теңгеге дейін) мөлшерінде», – делінген хабарламада.

Сонымен қатар министрліктің хабарлауынша, ерікті қоныс аударудың тиімділігін арттыру мақсатында азаматтарды солтүстік өңірлерге қоныс аударуға қатысатын жұмыс берушілерді қолдау бойынша институционалдық шаралар қабылданған. Оған сәйкес тұрғын үй сатып алу, салу үшін немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты тұрғын үй құнының 50%-ы немесе бір отбасына 4,28 млн теңгеге дейін мөлшерінде біржолғы өтеусіз және қайтарымсыз негізде енгізілген.

Еске сала кетсек, министрлік 2024 жылы қоныс аударушылар квотасы қысқарып, қандастарға берілетін квота көбейетінін хабарлаған. Оған сәйкес қандастарды қабылдаудың белгіленген квотасы 600 адамға артқан.

Сондай-ақ атажұртқа оралған азаматтарға «Қандас» мәртебесін беру тәртібі жеңілдейді. Олардың өтінімдері Қазақстан елшіліктері арқылы «бір терезе» қағидаты бойынша қабылданады. Бұл елімізге кіру, жұмыс орны, тұрғын үй беру мәселелердің жылдам шешілуіне септеседі. Сонымен бірге шетелдегі этникалық қазақтар республика аумағына кірмей-ақ қандас мәртебесін алуға мүмкіндік алады. 

Ал қандас мәртебесін алатындардың ұлтын айқындау үшін министрлік арнайы алгоритм әзірлейді. Оған сәйкес, қандас мәртебесін беретін кезде қандай да бір күмән тудыратын жағдайлар болса, ол азаматтың ұлтын анықтау арнайы қағидалар бойынша жүзеге асырылады.