Жаңалықтар

2029 жылға қарай елде жасанды интеллект бойынша оқытатын жоғары оқу орындарының үлесі артады

жасанды интеллект бойынша
Жасанды интеллект бойынша оқытатын ЖОО-лар саны 60%-ға артады / Фото: kursiv.media

Қазақстанда жасанды интеллект бойынша оқытатын ЖОО-лар саны артады. Бұл жайлы Орталық коммнуикациялар қызметінде өткен брифингте Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Жасанды интеллект комитетінің төрағасы Ғиззат Байтұрсынов айтты.

«Нысаналы индикатор ретінде жасанды интеллект бойынша оқытатын жоғары оқу орындарының үлесін 2025 жылы 20%-дан 2029 жылы 60%-ға дейін арттыру көзделген. Ал 2029 жылға қарай осы платформада жыл сайын 25-ке дейін жасанды интеллект өнімдерін әзірлеу жоспарланып отыр», – деді ол.

Маман Қазақстанның жасанды интеллектіні қолдануға дайындық индексі бойынша 193 елдің ішінде 72-ші орында тұрғанын айтты. Айтуынша, мемлекеттердің жасанды интеллектіні қолдануға дайындығы Oxford Insights әзірлеген әдістемемен анықталады. Осы әдістемеге сәйкес Қазақстан цифрлық әлеует және деректердің қолжетімділігі көрсеткіштері бойынша жоғары әлеуетке ие. Қазіргі таңда Қазақстанның цифрлық әлеуеті 76%-ды, деректердің қолжетімділігі 74%-ды құрайды екен. Десе де жасанды интеллект саласында стратегиялық құжаттардың жоқтығына байланысты бұл салада Қазақстанның ұтылып отырғанын айтты.

«Біз жасанды интеллект саласындағы елдік стратегиялық құжаттардың болмауына байланысты «пайымдау» көрсеткіші бойынша айтарлықтай артта қалып отырмыз», – деді комитеті басшысы.

Жасанды интеллект тұжырымдамасы

Министрлік ЖИ саласын дамыту мақсатында Жасанды интеллект тұжырымдамасын әзірлеген. Оның негізгі мақсаты — ЖИ экожүйесін құрып, экономика және мемлекеттік басқару салаларында жасанды интеллект технологияларын енгізу. Осы тұжырымдама негізінде алдағы бес жылда жасанды интеллектіні дамыту тетіктері жүзеге асырылады.

Бұл аралықта осы сала бойынша инфрақұрылымды дамыту көзделген. Яғни жасанды интеллектіні дамытуға бірінші кезекте суперкомпьютер керек. Содан кейін халықаралық әріптестік арқылы деректерді өңдеу орталықтары салынып, жасанды интеллект ұлттық платформасы құрылмақ. сонымен бірге талшықты-оптикалық байланыс желілерін дамыту көзделген. Бұл саланы дамытуда халықаралық мамандармен жұмыс жүргізіледі.

«Халықаралық технологиялық компаниялармен деректерді өңдеу орталықтарын салу бойынша келіссөздер жүргізілуде. Жасанды интеллект ұлттық платформасы деректер жиынтығы, есептеу қуаты және басқа жасанды интеллект құралдары сияқты қажетті ресурстарды қамтиды. Бұл ресурстар мемлекеттік органдарға, стартаптарға, жоғары оқу орындары мен жасанды интеллект энтузиастарға қолжетімді болады»,- дейді Байтұрсынов.  

Зерттеу орталықтарын құру үшін халықаралық компаниялармен және институттармен оның ішінде Berkeley университетімен ынтымақтастық орнату көзделген. Маман осылайша жасанды интеллект саласындағы қазақстандық ғалымдардың бұл салада озық саналатын университет мамандларымен жұмыс істеуге мүмкіндік беретінін айтады.  

Шетел мамандарынан білім алып қана қоймай, сонымен бірге Tech Orda бағдарламасының ваучерлерінің 30%-ын жасанды интеллект саласындағы жеке мектептерде IT-мамандарын оқытуға бағытталады.

Еске сала кетсек, 2023 жылдың күзінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні нормативтік тұрғыда реттеу қажеттігін айтқан болатын. Қазіргі кезде 120-дан астам ел бұл мәселені шешу үшін әртүрлі заңнамалық акті қабылдаған. Мемлекет басшысы Қазақстанның да бұл саланы құқықтық тұрғыда реттеуі шетелдік компаниялардың нарыққа келуін ынталандыратынын мәлімдеген.

2023 жылдың маусымында ЦДИАӨМ бұрынғы басшысы Бағдат Мусин жасанды интеллекті дамыту стратегиясы жарияланынын мәлімдеген. Ал осы жылдың басында Мусин Қазақстан өз жасанды интеллектін жасап шығу керек екенін мәлімдеді. Ол E-Gov-тағы деректерді Чат-GPT-ге беруге болмайтынын, сол үшін өз жасанды интеллектіміз керек екенін айтқан.