2024 жылдың бірінші жартыжылдығында такси қызметін пайдаланған жолаушылар саны 37,63%-ға өсіп, 35,6 млн адамға жетті. Ұлттық статистка бюросы жариялаған мәлімет бойынша осы кезеңде жолаушылар айналымы 1 млрд ж-км құрады.
Такси жолаушыларын тасымалдаудан 4 млрд теңге табыс түсті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 29,8%-ға артық.
Жалпы такси қызметінің бағасы жыл басынан бері 4,7%-ға өскен.
Қазақстанда такси нарығының көлемі ұлғаюда. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2024 жылдың бес айында жолаушылар тасымалынан түскен табыс 2023 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда екі есе артқан. Ал тап осы уақыт ішінде тасымалданған жолаушылар саны төрт есе өскен.
2024 жылдың қаңтар-мамырында көлік жүргізушілері 3 373,5 мың теңге пайда тапқан.
2024 жылдың маусымында United Research Technologies Group зерттеу компаниясы «Курсив» үшін Қазақстанның барлық өңірінен 1600 респондентті репрезентативті іріктеумен әлеуметтік сауалнама жүргізді. Сауалнамаға қатысқандардың басым бөлігі (1281 адам) такси қызметін пайдаланатынын айтқан. Осы адамдардың жартысы – 51,3%-ы – күн сайын немесе аптасына бірнеше рет таксимен жүреді.
Тап осындай сауалнама 2023 жылдың сәуірінде (ол кезде 974 адам қатысқан) де жүргізілді. Ол кезде де, осы жолы да респонденттерге көбіне қай компания сервисін пайдаланатыны жайлы сұрақ қойылған.
Екі зерттеуде де такси қызметін көрсететін компаниялар арасында «Яндекс» абсолютті көшбасшы атанды. Бір жыл ішінде компания өз үлесін арттырып үлгерген. Яғни 2023 жылы оның жалпы елдегі үлесі 48,6% болса, 2024 жылы 59,2%-ға дейін өскен. Ал екінші орынға жайғасқан InDrive компаниясы, керісінше, өз үлесін 23,9 %-дан 18,9%-ға дейін қысқартқан.
United Research Technologies Group (URTG) әлеуметтік зерттеу орталығының жүргізген сауалнамасының нәтижесі Алматы тұрғындарының 70%-ы қоғамдық көлікте жүретінін көрсетті. Бұл жалпы ел бойынша (47,8%) орташа есеппен алған күннің өзінде бір жарым есе көп.
Сауалнама сұрақтарына жауап берген алматылықтардың автобустан кейін көп мінетін көлігі такси болып шықты. Алматылықтар межелі жеріне жету үшін такси қызметін жиі (35,4%) пайдаланады екен. Бұл тіпті өзінің жеке көлігімен жүретіндерден (34,7%) көп болып тұр.
Егер Алматыда әр үшінші респондент өз көлігімен немесе таксиде жүретін болса, Алматы облысы тұрғындары арасында сауалнамаға қатысқандардың жартысынан көбі осылай жүреді. URTG сауалнамасының мәліметтері бұл ел бойынша ең жоғары көрсеткіш екеніне дәлел.