БҰҰ Жоғарғы соты Израильдің Палестина жерлерін басып алуын заңсыз деп танып, консультативтік қорытынды шығарды. Бұл жайлы Reuters басылымы хабарлады.
Біріккен Ұлттар Ұйымының жоғарғы соты бұл мәлімдемені жұма, 19 шілде күні, жариялаған. БҰҰ халықаралық сотының төрғасы Наваф Салам Израильдің Палестина жерлері мен ондағы елдімекендерді басып алуын заңсыз деп мәлімдеп, бұл әрекеттерді мүмкіндігінше тезірек тоқтату қажет екенін айтқан.
«Иордан өзенінің батыс жағалауы мен Шығыс Иерусалимдегі израильдік елдімекендер және олармен байланысты режим халықаралық құқықты бұза отырып құрылып, жүзеге асырылып жатыр», – деп мәлімдеді Наваф Салам.
Reuters-тің хабарлауынша, БҰҰ Жоғары сотының судьяларының консультативтік қорытындысы міндетті болып саналмайды. Дегенмен оның халықаралық құқыққа сәйкес біршама салмағы бар және Израильге басқа елдердің қолдау көрсетуін әлсіретуі мүмкін.
Консультативтік шешімге сәйкес, Израиль келтірілген залал үшін өтемақы төлеуі керек және «барлық қоныстанушыны аталмыш елдімекендерден эвакуациялауы» тиіс.
БҰҰ сотының бұл қорытындысына қатысты Израильдің Сыртқы істер министрлігі бірден жауап берді. Ресми Израиль сот пікірін «қате» деп бағалап, аймақтағы саяси мәселелерді тек келіссөздер арқылы шешуге болатынын айтқан.
Ал Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху кеңсесі мәлімдеме жасап:
«Еврей халқы өз жерінде оккупант бола алмайды», – деп жауап берген.
Соттың бұл қорытындысын Иордан өзенінің батыс жағалауын оккупациялап алған қоныстанушылар да құп көрмеген. Биньямин аймақтық кеңесінің басшысы, ірі қоныстанушылар кеңесін басқарып отырған Исраэль Ганц Халықаралық соттың пікірі «Інжілге, моральға және халықаралық құқыққа қайшы келеді» деп мәлімдеген.
Еске сала ктесек, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі АҚШ-тың Израиль мен ХАМАС арасындағы текетіресті тоқтатуға қатысты жоспарын қолдаған болатын. Қауіпсіздік кеңесіне кіретін 15 елдің 14 мүшесі АҚШ ұсынған қарар жобасын қолдап дауыс берсе, Ресей қалыс қалды.
Америка ұсынған жоспар үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезең кепілге алынғандар мен тұтқындарды айырбастау, сондай-ақ атысты біраз уақыт тоқтатуды қамтиды. Екінші кезеңде «соғысты түпкілікті тоқтату», сондай-ақ Израиль әскерлері Газадан толық шығарылуы керек. Ал үшінші кезеңде Газа секторы толық қалпына келтірілмек.
2023 жылдың 7 қазан күні Израиль-Палестина қақтығысы кезекті рет ушыққан болатын. ХАМАС содырлары Израильдің оңтүстігіне жаппай зымырандар тастай бастады. Ал Израиль әскерилері «Хамас» ұйымының шабуылына жауап ретінде арнайы операция бастады.
Жақында Ирландия, Испания және Норвегия Палестинаны тәуелсіз мемлекет ретінде мойындады. Еуроодақтың үш елінің бірдей Палестинаның тәуелсіздігін мойындағаны жарияланған соң, Израиль сыртқы істер министрі Исраэль Катц X әлеуметтік желісінде Ирландия мен Норвегиядағы елшілерді консультациялар үшін шақыртып алатынын мәлімдеген.
Алайда Израиль Палестина мемлекеттігін ресми мойындаған Еуропа елдерінің әрекетін сынға алды. Сонымен қатар Словения да Палестина мемлекетін ресми түрде мойындады.