Жаңалықтар

Қарағандыдағы Нигматуллинге тиесілі ферроқорытпа зауытында 8 жұмысшы жарақат алды

ожоги
Қарағанды ферроқорытпа зауытының жұмысшылары ауруханаға жеткізілген / Фото: instagram.com/yddcorporation

Қарағанды ферроқорытпа зауытында 8 жұмысшы жарақат алып, денелерін күйік шалды. Бұл жайлы зауыттың баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, штаттан тыс жағдай таңғы сағат 4 шамасында болған.

«2024 жылдың 20 шілдесінде таңғы сағат 04:10 YDD Corporation ферроқорытпа зауытында штаттан тыс жағдай орын алды. № 1 пештен кенеттен жалын шығып, нәтижесінде кәсіпорынның 8 жұмысшысы әртүрлі дәрежеде жарақат алды. Зардап шеккендерге қажетті медициналық көмек көрсетілуде», – делінген баспасөз хабарламасында.

Қазіргі уақытта зардап шеккен жұмыскерлердің барлығы ауруханаға жеткізілген. Компанияның зардап шеккендерге жан-жақты көмек көрсетіп жатқаны айтылады.

Айта кетейік, ферроқорытпа зауытына YDD Corporation иелік етеді. Ал egov порталындағы мәліметтерде бұл компанияның құрылтайшылары ретінде IMPERIYUMCY HOLDINGS LIMITED, Нигматуллин Ерлан Зайруллаұлы, Аппаз Жармұхамет Дінмұхамедұлы көрсетілген.

Еске сала кетсек, 11 шілде күні Қостанай облысындағы «Соколовская» шахтасында жұмысшы қайтыс болды. 280 метр деңгей жиекте жару жұмыстарын жүргізгеннен кейін, іліктастарды жинау кезінде тау-кен жынысының кесегі опырылып кетіп, ұңғылаушының үстіне құлаған. Салдарынан жұмыскер қаза тапқан.

Жалпы жұмысшылардың қаза тауып, жарақат алу жағдайлары «Қазақмыс» кәсіпорындарында жиі кездеседі. Бұл зауытта өндірістік жарақаттану 3 есе артқан.  Қазақстанда жылына 2 мыңға жуық адам өндірісте жарақат алса, 200 астам азамат қайтыс болады.

Мәселен, 2023 жылы 6 қарашада «Қазақмыс» компаниясына қарасты Шығыс Жезқазған кенішінің №57 шахтасында жұмысшы қаза тапты. 

Ал 22 қараша күні «Қазақмыс» компаниясының Жезқазған байыту фабрикасында жазатайым оқиғадан бір адам көз жұмды.

27 қарашада «Kazakhmys» компаниясының «Жайсаң» шахтасында 2 кенші қаза тапты.

Осыған дейін дәл осы «Жыланды» кенішінде 6 қызметкер жарақат алғаны туралы хабарланған еді.