Жаңалықтар

Жұмыссыз қалғанда төленетін жәрдемақыны қалай алуға болады? 

Жұмыссыз қалғанда жәрдемақы төлеу тәртібі/ коллаж kursiv.media

Жұмысынан айырылған қазақстандықтар мемлекет тарапынан жәрдемақы алуға құқылы. Бірақ бұл жұмыссыз жүргеннің барлығына бірдей берілмейді. Сонымен бірге ұзақтығы да шектеулі. Бұрынғы жұмысындағы табысына байланысты әркімге әртүрлі сома төленеді. Олай болса, бұл жәрдемақы кімдерге тиесілі және оны қандай формуламен есептейтін түсіндірейік. Kursiv Media тілшісі нұсқаулық дайындады. 

Жұмыссыз қалғанда төленетін жәрдемақы деген не?

Жұмыссыз қалғанда төленетін жәрдемақы — табысынан айырылған жағдайда мемлекеттің беретін кепілі. Ол бірнеше ай бойы төленеді. Сол уақыт аралығында азамат басқа жұмыс тапқанша берілетін көмек іспеттес. Оның көлемі жұмыстан шығып қалғанша тапқан табысының белгілі бір бөлігіне тең болады. Айта кету керек маңызды мәселе: мұндай жәрдемақы жұмыс істемейтінің бәріне берілмейді. Экономикалық белсенді азаматтарға жұмыс тапқанша төленеді.  

Мұндай жәрдемақыны кімдер ала алады?

ҚР Әлеуметтік кодексінің 113-бабының 1-тармағына сәйкес, жұмыстан айырылғанына байланысты төленетін әлеуметтік төлемді міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінде тіркелген әрі олар үшін әлеуметтік аударымдар жасалып отырған адамдар ғана ала алады. Әлеуметтік төлем тағайындалуы үшін жұмыссыз ретінде ресми түрде тіркелуі керек (ҚР Әлеуметтік кодексінің 114-бабының 3-тармағы). 

Ал енді жұмыссыз деп кімді айтады? Әлеуметтік кодекстің 1-бабының 67-тармағында көрсетілгендей, Қазақстанда жұмыссыз деп жұмыс іздеп жүрген, еңбекке дайын жеке тұлғаны айтамыз. Ол үшін алдымен жұмыссыз статусын алу керек. Ол статус мемлекеттік органдарда көрсетілген тәртіп бойынша тіркеуден өткен соң ғана беріледі. Содан кейін ғана жәрдемақы алуға өтініш бере аласыз. Қазақстанда жәрдемақылардың кейбірі мемлекеттік бюджет есебінен төленсе, енді бірі Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан беріледі. Бұл қандай қор? Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына жұмыс берушілер қызметкерлері үшін ай сайын әлеуметтік аударым жасап отырады. Міне, сол аударымдар есебінен азаматтарға әртүрлі жағдайда әлеуметтік төлемдер тағайындалады. Мысалы, жүкті және босанған әйелдерге төленетін жәрдемақы да осы қорға аударылған қаражат есебінен төленеді. Бүгін айтып отырған жұмысынан айырылғанда берілетін жәрдемақы да солай. Демек жұмысынан шығып кеткен не қысқарып қалған қазақстандық мұндай жәрдемақы алу үшін бірінші кезекте оған жұмыс берушісі тарапынан заң шеңберінде әлеуметтік аударымдар аударылып отырған азамат болуға тиіс.    

Жұмыссыз болғанда жәрдемақы алудың жолы

Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы болып саналатын, жұмыссыз ретінде тіркелген азамат өтініш қалдыруы керек. Оны мына жолдардың бірімен жасауға болады:  

  • Жұмыссыз ретінде тіркелген жағдайда жергілікті жұмыспен қамту орталығына барып;
  • Жұмыссыз ретінде тіркелген жағдайда Enbek.kz электрон еңбек биржасы арқылы;
  • Жұмыссыз ретінде тіркелгеніңізді растаған жағдайда ХҚКО-дан;
  • eGov.kz электрон үкіметтің порталы арқылы (электрон қызмет);
  • Egov mobile мобайл қолданбасы арқылы;
  • Проактив қызметті қолдану арқылы (жұмыссыз ретінде тіркелген кезде смс келеді. Соған жәрдемақы алғыңыз келетінін білдіретін жауап беруіңіз керек)

2024 жылы енгізілген бір өзгеріс: бірыңғай жиынтық төлемге байланысты. Осы жылдың 1 қаңтарына дейін БЖТ төлейтіндердің жұмыссыз қалғандарға берілетін жәрдемақы алуға құқығы жоқ еді. Енді олар міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің толыққанды қатысушыларына айналғандықтан, жәрдемақы алуға да құқылы. 

Қандай құжаттар керек?

Жәрдемақы тағайындалуы үшін мына құжаттарды өткізесіз:

  1. Өтініш берушінің жеке басын растайтын жеке куәлігі немесе қандас куәлігі;
  2. 20 саннан тұратын банк шотының нөмірі жазылған анықтама;
  3. Жұмыссыз ретінде тіркелгенін растайтын құжат;
  4. Байқоңыр тұрғындары Байқоңыр тұрғын үй шаруашылығы азаматтарын есепке алу және тіркеу бөлімінің анықтамасын көрсетуі керек;

Егер бұл деректің бәрі мемлекеттік базада тұрса, шығарып апарудың қажеті жоқ. Мұндай жағдайда жәрдемақы автомат түрде тағайындалады. Әлеуметтік төлем жұмыстан өзіңіз шығып кетсеңіз де, қысқартып тастаса да — себебіне қарамастан тағайындала береді. 

Жәрдемақы көлемі қалай есептеледі?

Бұл жәрдемақы жалақыңыздың шамамен 45 пайызындай болады. Дәл осында пайызы деп айта алмаймыз. Себебі кейінгі 24 айдағы орташа айлық есептеліп барып анықталады. 2 жылда сіздің айлығыңыз өзгерген болуы мүмкін. Сондықтан ол үшін формулаға салып барып есептеледі. Сонымен бірге Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына аударымның қаншалықты тұрақты жасалып отырғанына да қарайды. Мысалы, ресми түрде, үзіліссіз аударым жасалып отырған болса, жәрдемақы да тиісінше лайықты көлеммен беріледі. Айтпақшы, есептеген кезде максимум жалақы деп 7 ең төменгі жалақы мөлшеріне тең сома алынады. 2024 жылы ол шама — 595 мың теңге. Яғни жалақыңыз осы сомадан асса да, жәрдемақы әлгі шамамен есептеледі. 

Жұмыссыз қалғанда төленетін жәрдемақы көлемі мына формула бойынша есептеп шығарылады:

Жәрдемақы = орташа айлық табыс*табысты алмастыру коэффициенті *қатысу өтілінің коэффициенті.

Енді әрқайсысына жеке-жеке тоқталайық. Орташа айлық табысты есептеу үшін Міндетті әлеуметтік сақтандыру қорына кейінгі 24 айда төленген жалақы есепке алынады. Оның ішінде үзіліс болса да ештеңе етпейді. Табысты алмастыру коэффициенті = 0,45. Ал қатысу өтілінің коэффициенті қалай анықталады?

Егер сақтандыру жүйесінде өтіліңіз:

  • 6-12 ай аралығында болса — коэффициент 0,7-ге тең болады;  
  • 12-24 ай аралығында болса — коэффициент 0,75-ке тең болады;  
  • 24-36 ай аралығында болса — коэффициент 0,85-ке тең болады;  
  • 36-48 ай аралығында болса — коэффициент 0,9-ға тең болады;  
  • 48-60 ай аралығында болса — коэффициент 0,95-ке тең болады;  
  • 60-72 ай аралығында болса — коэффициент 1,0-ге тең болады;  
  • 60 айдан асса міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы болған әр 12 айға 0,02 қосылып отырады. Бірақ 1,3-тен аспауға тиіс. 

Мысалы, кейінгі екі жылдағы орташа айлық табысыңыз 120 000 теңге болды делік. Ал жүйеге қатысушы болғаныңызға 4,5 жыл болған. Демек бұл коэффициент 0,45-ке тең деген сөз. Ондай жағдайда әлеуметтік төлемді былай есептеп шығарасыз:

120 000×0,45×0,95=51 300 теңге. 

Жәрдемақы қанша ай төленеді?

Жұмыссыз қалғандарға берілетін жәрдемақының ұзақтығы шектеулі. Әлеуметтік кодекстің 118-бабына сәйкес, ол шексіз беріле бермейді. Ұзақтығы сіз үшін аударым жасалып отырған ай көлеміне тікелей байланысты. Яғни:

  • 6-12 ай аралығында төленген болса — жәрдемақы 1 ай төленеді; 
  • екі жылдай төленген болса — жәрдемақы 2 ай төленеді;
  • үш жылдай төленген болса — жәрдемақы 3 ай төленеді;
  • төрт жылдай төленген болса — жәрдемақы 4 ай төленеді;
  • бес жылдай төленген болса — жәрдемақы 5 ай төленеді;
  • Бес жылдан астам уақыт төленіп келген болса — жәрдемақы 6 ай төленеді.

Егер азамат зейнет жасына жетсе, (2024 жылы ер адамдар — 63 жастан, әйелдер 61 жастан бастап шығады) әлі айлары толық төленіп бітпесе де жәрдемақы тоқтатылады. 

Жәрдемақы алып отырған жұмыссыз адам ҚР заңнамасындағы талаптарды қатаң сақтауға тиіс. Мысалы, жұмыссыз ретінде тіркелгендер жұмыспен қамту орталығына уақытылы барып тұруы керек. Егер осы ереже бұзылатын болса, онда жәрдемақыны тоқтатып тастайды. Сонымен бірге жұмыспен қамту орталығы ұсынған үш вакансияны қабылдамай қойса да жәрдемақы берілмей қояды. Яғни бұл төлемнің функциясы сол — жұмыс тапқанға дейін күнкөріске ақы бере тұру. Төлем ұзақтығы жарты жылдан аспайды. Демек әрі кеткенде 6 ай жұмыссыз жүре аласыз. Одан ұзақ уақытқа жәрдемақы берілмейді. Сол себепті барынша жұмыс іздеп, сол аралықта орналасып үлгеруіңіз керек. Айтқандай, оның ұзақтығы мен көлемі әр азаматтың өтілі мен тапқан табысына байланысты әртүрлі. Жұмысқа орналасқан соң, жәрдемақы да автомат түрде тоқтайды. Айта кететін тағы бір дүние: ҚР Әлеуметтік кодексіне сәйкес, әлеуметтік төлем алып отырған азамат 5 жұмыс күні ішінде жұмыспен қамту орталығына барып, тұрақты, уақытша және азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшарт бойынша жұмысқа тұрғаны туралы ақпарат өткізуге тиіс.    

Не үшін жәрдемақы төлемей қоюы мүмкін?

Талаптарға сәйкес келмеген жағдайда мемлекетік сізге жәрдемақы төлеуден бас тартады. Атап айтқанда:

  • Ақпараттық жүйеде бұл азаматтың атынан өтініш өткізіліп қойған болса;
  • Өтініш беруші құжаттарды толық тапсырмаған немесе құжаттардың мерзімі өтіп кеткен болса;
  • Жеке басыңызды растайтын құжаттардағы мәліметтер сәйкес келмесе;
  • Өтініш берген адамның жұмыссыз қалғанда төленетін жәрдемақы алуға құқығы жоқ болса;
  • Жәрдемақы тағайындау үшін сұралатын жеке мәліметтерді алуға өтініш беруші рұқсат бермеген жағдайда;
  • Кейінгі 24 ай ішінде ол азаматтың атынан Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына аударым жасалмаған болса. 

Неге жәрдемақы толық төленбейді?

Жұмысынан айырылған төленетін жәрдемақыдан міндетті әлеуметтік зейнетақы аударымдары ұсталады. Оның мөлшері — 10 пайыз. Ол сома азаматтың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жеке шотына аударылады. 

Егер жұмыссыз адамды қоғамдық жұмысқа тартып, не оқуға жолдаса қалай болады? 

Мұндай жағдайда жұмыссыз қалғанына байланысты төленетін жәрдемақы сақталады. Яғни жұмыспен қамту орталығы ол адамды әлеуметтік маңызы бар орындарға жұмысқа жіберсе, қоғамдық жұмыстарға тартса, болмаса кәсіби оқуға жолдаса. Сіз жұмыс істеп, оқи жүріп жәрдемақы ала бересіз.

Қандай жағдайда жәрдемақы беру түбегейлі не уақытша тоқтатылуы мүмкін? 

Заңға сәйкес, жұмыссыз қалғандарға берілетін жәрдемақыларды уақытша тоқтата тұруға мынадай негіздер бар:

  • Егер жәрдемақы алып отырған азамат республика аумағынан асып кеткені белгілі болғанда;
  • Егер жәрдемақы алушы Қазақстан республикасы азаматтығынан шығып кеткен болса, шетелдік ықтиярхат алғанға дейін;
  • Жәрдемақы тағайындау үшін жинаған құжаттарының ішінде жалған деректер табылса;
  • Шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның жеке басын куәландыратын құжаттың, кандас куәлігінің қолданылу мерзімі өткен болса;
  • Жәрдемақы алушы қылмыстық іс бойынша сотталған және жазасын колонияда өтеп жатқан болса.
  • Қандай жағдайда жәрдемақы түбегейлі тоқтатылуы мүмкін? Мынадай жағдайларда тоқталылады:
  •  Егер өтінім беруші зейнет жасына жеткен болса;
  • Жұмыссыз ретінде есептен шығарылған кезде;
  • Жәрдемақы алушы өмірден өтсе.

Әлеуметтік төлем ақпарат алған айдан кейінгі айдың бірінші күнінен бастап тоқтатылады. 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап, айырылған табысының  орнын толтыру коэффициенті 40 пайыздан 45 пайызға көбейтілген еді. Бірақ тағайындау тәртібі сол күйі сақталды. Яғни міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы болуы міндетті. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Электрон еңбек биржасы арқылы барлығын дистанстан жасауға мүмкіндік ашты. Осының арқасында жұмыссыз ретінде тіркелу процесі де, табыссыз қалған жағдайда әлеуметтік төлем алу жолы да әжептәуір жеңілдеді. Себебі бар болғаны интернет, компьютер мен электрон цифрлы қолтаңба болса, барлығын онлайн режимде жасауға болады.