Байден президенттік сайлауға қатыспайтын болды: орнына Камала Харристі ұсынды

Жарияланды 22 Шілде 2024 08:39

(жаңартылды 22 Шілде 2024 10:00)
Ақниет Төленді

Ақниет Төленді

General News бөлімінің редакторы a.tolendi@kursiv.media
байден
Байден АҚШ президент сайлауына қатыспайтын болды / Фото: shutterstock

АҚШ-тың қазіргі президенті Джо Байден алдағы президент сайлауынан өз кандидатурасын алып тастайтынын мәлімдеді. Ол өзінің шешімін кейінірек ашып түсіндіруге уәде берді. Өз орнына қазіргі вице-президент Камала Харристі ұсынды.

CNN ақпаратына сүйенсек, Байден бұл шешімді Демократиялық партия мен жалпы АҚШ мүддесі үшін қабылдағанын айтқан. Ол келесі аптада елге үндеу жасап, жағдайды егжей-тегжейлі түсіндіруге уәде берді. Сонымен қатар 2024 жылдың соңына дейін өзінің президенттік міндеттерін орындайтынын айтты.

Өз орнына президенттікке кандидат ретінде қазіргі вице-президент Камала Харристі ұсынып, оны өзі «толық қолдайтынын» айтты. 

«Демократтар бәріміз жиналып, Трампты жеңетін уақыт келді. Осылай жасайық!», – деді Байден.

АҚШ Республикалық партиясы президенттікке ұсынған Дональд Трамп «Байденге қарағанда Харристі жеңу оңайырақ болатынын» айтқан.

Сондай-ақ Трамп The Truth Social әлеуметтік желісінде Байденнің «бұл лауазымға ешқашан лайықты болмағанын» және АҚШ оның президенттігінен «қатты зардап шеккенін» жазған.

Айта кетейік, Джо Байден 2021 жылы АҚШ президенті болып сайланған. 2009-2017 жылдар аралығында президент Барак Обаманың кабинетінде вице-президент болған. Қазір Байденнің жасы – 82-де.

Камала Харрис Байден кабинетінде вице-президент қызметін атқарып келеді. Ол 2024 жылы 60 жасқа келеді.

АҚШ президентін сайлау 2024 жылдың 5 қарашасына белгіленген.

16 шілдеде Дональд Трамп АҚШ-тың Республикалық партиясынан президенттікке кандидат ретінде тіркелген.

14 шілдеде Трампқа Пенсильваниядағы сайлауалды кездесуде қастандық жасалды. АҚШ президенттігіне үміткер жараланып, бір адам қаза тапты.

Кейіннен Трампқа оқ атқан адамның  – Томас Мэтью Крукс екені белгілі болды. New York Post жариялаған ақпарат бойынша ол өзі оқ атқан ғимаратта қаза болды. 

Reuters сарапшылары сайлауалды митингідегі шабуылдан кейін, Трамптың Ақ үйге оралу мүмкіндігі арта түскенін жазды. Басылымның хабарлауынша, оның президенттік перспективасының артуы доллар бағамының өсіп, АҚШ қазына кірісі мен Азиядағы сауда нарығының ауытқуына алып келген. АҚШ-тың он жылдық қазынашылық фьючерстері шамамен 13 пунктке төмендеді, ал доллардың еуро мен иенаға қатысты бағамы өскен. 

Сондай-ақ оқыңыз