Жаңалықтар

«Болашақ» бағдарламасымен мектепті үздік аяқтаған дарынды балалар да оқи алады: депутаттар заңнамаға түзету енгізбекші

"Болашақ" бағдарламасы бойынша
Өзгерістерге сәйкес «Болашақ» бағдарламасы бойынша дарынды оқушылар мен түрлі ғылыми конкурс жеңімпаздары оқи алады / Фото:

Мәжіліс депутаттары «Болашақ» бағдарламасы аясында дарынды балаларды қолдау бойынша заңнамаға жаңа түзетулер дайындалды. Бұл жайлы Мәжіліс депутат Асхат Аймағамбетов хабарлады.

Депутаттың айтуынша, бұл түзетулер «Болашақ» бағдарламасын кеңейтуді көздейді. Яғни солайша жас талант иелеріне қолдау көрсетілмек. Енгізілетін нормаларға сәйкес талантты оқушылар тек ақшалай сыйлық алып, гранттарды иеленіп қоймай, сонымен бірге «Болашақ» бағдарламасы аясында бакалавриат бағдарламасы бойынша оқуға түсе алады.

«Біз республикалық және халықаралық пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының жеңімпаздарын «Болашақ» бағдарламасы аясында бакалавриат бағдарламалары бойынша оқытуға мүмкіндік беретін нормаларды ұсындық», – дейді Аймағамбетов.

Ал қолданыстағы заңнамаға сәйкес, қазіргі уақытта «Болашақ» бағдарламасымен тек магистратура, докторантура және тағылымдамалар бағдарламалары бойынша оқуға болады.

Ал заң нормалары енгізілген соң, мектеп бітірген талапкерлер бұл бағдарлама шеңберінде бакалавриатқа түсе алады.

Оның негізгі шарттары мынадай:

  • Олимпиадалар мен конкурстардың тізімін республикалық «Болашақ» бағдарламасы комиссиясы бекітеді;
  • Оқу жеңімпаз жеңген профиль бойынша ғана жүргізіледі;

Аймағамбетовтің айтуынша, мемлекеттің дарынды балаларға салған инвестициясы кей жағдайларда ақталмай жатады. Өйткені мұндай талантты балаларға шетел университеттері грант ұсынып, олар кейін шетелде қалып қояды.

«Олимпиада жеңімпаздары қазіргі уақытта Қазақстан университетіне грант алу құқығына ие. Алайда шетелдік жетекші университеттер оларға бакалавриатта оқуға өз гранттарын үнемі ұсынып отырады және осы дарынды балаларымыз шетелге кетіп, сосын көбіне елге оралмайды. Мемлекет балабақша мен мектептен бастап, осындай талантты балаларға инвестиция жасағаннан кейін, бұл дарынды балаларды басқа мемлекеттің экономикасына жұмыс істеу үшін беріп қоймай, әрі қарай қолдап, еліміздің дамуына жұмыс істету маңызды», – дейді депутат.

Депутат осы мәселені шешу үшін президенттің тиісті тапсырма бергенін, тіпті шетелде кадрлар дайындау бойынша республикалық комиссиясының осы жұмысты жүргізу туралы хаттамасы шығып қойғанын айтады.

Ал маусым айында Мәжілістің бұл ұсынысын Үкімет қабылдап, жұмыс тобы осы мәселені қарастыруға кіріскен екен.

Еске сала кетейік, наурызда «Болашақ» бағдарламасы арқылы тағылымдамадан өтуге болатын мамандықтар тізімі жарияланды.

Тізімде мына санаттар бар:

  • Инженерлік-техникалық қызметкерлер, агроөнеркәсіптік кешен саласының қызметкерлері;
  • Мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтары;
  • Медицина қызметкерлері;
  • Мемлекеттік қызметкерлер;
  • Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері;
  • Мәдениет, туризм және спорт саласының қызметкерлері;
  • Соттар және сот қызметкерлері.

Тағылымдама ұзақтығы – бір айдан 12 айға дейін. Тағылымдамадан 40-тан астам елдің жетекші университеттерінде, ғылыми-зерттеу орталықтарында, салалық ұйымдарында өтуге болады.