Жаңалықтар

Қор нарығына шолу: Small cap раллиі, АҚШ-тағы өнеркәсіп секторына қатысты болжамдар, Ethereum қорлары

БАҚ шолуы / REUTERS/Brendan McDermid/File Photo

Уолл-стрит сарапшылары АҚШ-та өнеркәсіп секторы алдағы екі жыл бойы қор нарығында көш бастап, «Керемет жетілікті» өкшелей бастайды деп есептейді. Дональд Трамптың жеңіске жету ықтималдығы артқаннан кейін олардың көңіл-күйі күрт өзгерді. Ал капиталдануы шағын компаниялардың қазір жүріп жатқан раллиі – капитал ағыны бар екенінің дәлелі. Осы және басқа да тақырыптар туралы 22 шілдедегі әлемдік БАҚ шолуынан оқыңыз.

АҚШ-та өнеркәсіп секторы алдағы екі жылда көш басында болады

АҚШ-та өнеркәсіп секторы алдағы екі жылда ең жоғары қарқынмен өседі деп жазады Market Watch. Бұл тұжырым FactSet сауалнамасына қатысқан сарапшылардың сараланған консенсустық бағалауынан туындады. S&P 500 барлығы 11 сектор бойынша болжам ұсынған.

Осылайша, 2026 жылға дейінгі екі жылдық болжамды түсім мен пайда бойынша өнеркәсіп секторы көш бастап тұр. Одан кейін: тұтыну тауарлары мен қызмет көрсету, жылжымайтын мүлік, ақпараттық технология және денсаулық сақтау. Тізім соңында – энергетика.

Harbor Capital Advisors-дегі активтерді басқару жөніндегі шешімдер бөлімінің басшысы Спенсер Лернердің пікірінше, өнеркәсіп секторының көш басына шығуы ФРЖ мөлшерлемесінің төмендеуіне сеп болады. «Мөлшерлеменің төмендетілуі экономиканың қарызы аз бөлігін ынталандырады, – деп есептейді Лернер. – Әзірге мөлшерлеме жоғары кезде өзін жақсы сезініп отырған – «Керемет жетілік» қана. Ал ақша-несие саясаты жұмсарған сайын бұл жетілікті қуып жетердей болып, басқа сектордың өкшелегенін көреміз әлі».

Сондай-ақ сарапшы АҚШ-тағы тұрғын үй ұсынудағы тапшылық құрылысшылар мен құрылыс материалдарын жеткізушілер үшін маңызды өсіру факторы болады деп күтеді. Ол сондай-ақ аэроғарыш пен қорғаныс өнеркәсібіне, сондай-ақ ЖИ-ге керек жабдық өндіретін компанияларға тапсырыс көбейеді деп болжайды. First Eagle Investments компаниясының өкілі Билл Хенч те осындай пікірде. Ол да өнеркәсіптің өркендеуіне қорғаныс шығынының ұлғаюы себеп болатынын айтады.

АҚШ-та капиталдануы аз компаниялар раллиінің қарқыны бәсеңдеп барады

Шілде айында АҚШ-та капиталдануы аз компаниялар раллиінің жалғасуына іргелі түрткі жоқ деп есептейді Morgan Stanley-дің АҚШ-тағы акциялар жөніндегі бас стратегі Майк Уилсон. Сарапшының пікірінше, ішінара дилерлердің сұранысы мен қысқа позициялардың жабылуынан туындаған мұндай компаниялардың күрт өсуін, жағдайды осы секілді бұрынғы раллилермен салыстырсақ, пайда тұрғысынан түсіндіре алмайсыз деп жазады Bloomberg.

Әзірге АҚШ-тың капиталдануы аз компаниялар тіркелген қорларына қаржы құйылып жатыр. Шілденің басынан бері аптасына 9,9 млрд доллар құйылып тұр, көлемі жағынан бұл – тарихтағы екінші үлкен қаражат ағыны (EPFR Global дерегі). S&P 500 индексі азғантай ғана 0,8%-ға өскенде, капиталдануы шағын компанияларға бағдарланған Russell 2000 индексі шілде айының басынан бері 6,7%-ға өсті. Нәтижесінде Russell 2000 екі жылдан астам уақыт ішінде ең жоғарғы деңгейге жетті.

Алайда бұл сектордың өсуі ФРЖ мөлшерлемесінің төмендеуіне апаруы мүмкін, себебі капиталдануы шағын компаниялар сұраныстың азаюы деген нәрсеге ұшырамайды.

Қытай Ұлттық банкі күтпеген жерден қарыз мөлшерлемесін төмендетті

Қытай негізгі пайыздық мөлшерлемелерді төмендетуімен қаржы нарығын таңғалдырды деп жазады Reuters. Әңгіме кері репоның жеті күндік мөлшерлемесі, бір жылдық несиенің (LPR) базалық мөлшерлемесі, бес жылдық LPR мөлшерлемесі және тұрақты несие желісінің құны туралы болып отыр. Осылардың барлығы 10 базистік тармаққа төмендеді.

Қаржылық реттеуші экономикалық өсімге осылай түрткі жасағысы келеді. Сарапшылардың айтуынша, ел билігі осы мақсатқа жету үшін ұлттық валютаны құрбан етуге дайын. Қарыз алу құнының төмендегенінен ұлттық валюта құнсыздана түсуі мүмкін. Бұған дейін сарапшылар кірістілік пен қосымша девальвациялық қысым арасы алшақтамас үшін Қытай ФРЖ мөлшерлемелерін төмендету циклінің басталуын күтеді деп ойлаған.

Дей тұрғанмен сарапшылар әзірге юаньнен күрт төмендеудің алғышарттарын көріп отырған жоқ. Дүйсенбі, 22 шілде күні, юань бағамының бастапқы төмендеуі табан астында болған алғашқы реакция болса керек, одан әрі билік бағамды мұқият басқаратын болады. Commerzbank стратегі Фолькмар Баур өкіметтің қолдау шаралары мен экономикалық өсім юаньге көмектесетінін айтады.

ETF мақұлдағаннан кейін Ethereum 90%-ға өсуі мүмкін

Чикаго опциондар биржасы (CBOE) 23 шілдеде капиталдандыру жағынан екінші криптовалюта еthereum базасында бес споттық ETF акцияларының саудасын бастайтынын хабарлады. Бұл оның құнын 90%-ға шарықтатып жіберуі мүмкін деп жазады Market Watch. «Біз, ETF Bitcoin-мен салыстырғанда, ETF ethereum-нен келер таза пайда анау айтқандай болады деп ойламаймыз. Бағаға әсері едәуір болады деп білеміз, өйткені ethereum ETF ағындарына келгенде әлдеқайда сезімтал», – деді ETC Group-тің зерттеу бөлімінің басшысы Андре Драгош.

Bloomberg-тің ETF жөніндегі аға сарапшысы Эрик Балчунас, 2024 жылдың қаңтарында іске қосылған биткоин биржалық қорларындағыдай, алғашқы айларда қорларға 10%-дан 15%-ға дейін ағын болады деп біледі. CoinShares дерегіне сәйкес, межені 12,5% деп алатын болсақ, бұл шамамен 1,9 млрд долларды құрайды.

Естеріңізге сала кетсек, негізінен 2024 жылдың басынан бері 35,5%-ға жеткен биткоиннің өсуі себебінен ethereum соңғы айда 12,8%-ға төмендеді.