Жаңалықтар

Қазақстанның импорты 7,2%-ға азайып, экспорты 1,8%-ға өсті

Қазақстанның импорты 7,2%-ға кеміді/ kursiv.media

2024 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстанның сыртқы сауда айналымы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,1%-ға азайып, 55,3 млрд долларды құрады. Бұл жөнінде economy.kz басылымы жазды.

Жалпы құлдырау көрсеткішіне қарамастан, елдің экспорты 1,8%-ға өсіп, 32,5 млрд долларға жетті. Ал Қазақстанның импорты 7,2%-ға азайып, 22,9 млрд долларды құрады.

Экспорттың өсуіне мұнай, мыс, радиоактивті элементтер және ферроқорытпалар тасымалының ұлғаюы ықпал етті. Қазақстанның негізгі экспорты болып табылатын мұнай 16,2 миллиард доллар әкелді, бұл – жалпы экспорттың жартысына жуығы.

Мыстың экспорты 4,1 млрд долларға, радиоактивті элементтер – 3,5 млрд долларға, ферроқорытпалар – 2,7 млрд долларға жетті.

Бұл ретте Қазақстанның импорты қысқарды. Негізгі импорттық тауарлар автомобильдер (3,4 млрд доллар), дәрі-дәрмек (2,2 млрд доллар), телефондар (1,9 млрд доллар) және ұшақтар (1,3 млрд доллар) болды.

Елдің негізгі экспорттық серіктестері арасында Қытай, Италия және Ресей ерекше көзге түседі. Қытайға жеткізілім 19,4%-ға артып, 6,8 млрд долларды құрады. Сонымен қатар, Италияға экспорт 10,5%-ға азайып, 4,6 млрд долларға, ал Ресейге 5,7%-ға өсіп, 2,8 млрд долларға жетті.

Импорттың жалпы көлемінің төмендеуі аясында Ресейдің тауар жеткізу үлесі 10,1%-ға, яғни 7,2 млрд долларға азайғанына қарамастан, Қазақстан үшін ең ірі тауар жеткізуші болып қала береді.

Қытайдан келетін импорт 3,2%-ға өсіп, 4,3 млрд долларды құрады, ал Германиядан тасымалданатын тауар 6,8%-ға азайып, 1,6 млрд долларды құрады.

Бұл өзгерістер жаһандық үрдістерді де, Қазақстанның ішкі экономикалық стратегияларын да көрсетеді. Қытайға экспорттың артуы екі ел арасындағы экономикалық байланыстың нығая түскенін аңғартса, Ресей мен Германиядан импорттың азаюы сауда ағынының қайта бөлінуін және Қазақстан нарығындағы сұраныстың өзгеріп келе жатқанын байқауға болады. 

Алғашқы тоқсанда экспорт төмендеді

Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2024 жылдың қаңтары мен наурызы аралығында ҚР тауарларының экспорты 1,9%-ға қысқарып кеткен. Яғни экспорт нарығында өткен жылы белең алған төмендеу тенденциясы әрі қарай жалғасуда. Естеріңізге сала кетсек, 2023 жылдың І тоқсанында экспорт 1,5%-ға қысқарған. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша төмендеу көрсеткіші 7%-ға дейін жеткен.

Қазақстан мен ЕАЭО арасында экспорт ұлғайып, импорт азайды. Аталған ұйым елдеріне экспорт 9,5%-ға өсті. Ал импорт керісінше, 9,3%-ға кеміді. Екіжақты сауда көлемі 28 млн доллардан асса да, номиналды мәнде алыс-беріс 2,8%-ға қысқарды.