Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі 2024 жылдың 6 айында отандық экспорттаушыларға 142,1 миллиард теңге көлемінде қолдау көрсеткен. Бұл 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 8,3 миллиард теңгеге артық. Ал экспорт алдындағы және экспорттық-сауда қаржыландыру көлемі 17,1 миллиард теңгені құраған.
Қазақстаннан көбіне тамақ өнеркәсібі, металлургия өнімдері экспортталады. Сондай-ақ шетелдік тұтынушылар агроөнеркәсіп саласының дайын өнімі, құрылыс материалдарын және басқа да тауарларды жаппай сатып алып жатыр. Қазақстандық тауарлар Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан, Польша, Әзербайжан, Литва, Моңғолия, Эстония және т.б. елдерге жеткізіледі.
«Агенттік өзінің сақтандыру, кепіл болу және қаржылық қолдау шаралары арқылы экспорттық циклдің барлық кезеңінде қолдау білдіреді. Біздің басты міндетіміз – қазақстандық экспорттаушыларға тиімді әрі қолайлы жағдай жасау. Осы арқылы біз қол жеткізген нәтижені еселеп, елдің экспорттық мүмкіндігін едәуір күшейтуге тырысамыз», – деп атап өтті «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Жандос Шайхы.
Жыл басынан бері агенттік 31 экспорттаушыға қолдау көрсеткен. Оның алтауы – агенттік қызметіне алғаш жүгінген кәсіпорындар. Одан бөлек, осы аралықта 228 экспорт келісімшарты, 136 сақтандыру шарты, сондай-ақ өзге де қосымша келісімдер бойынша көмек көрсетілді. Бұл жобалардың нәтижесінде экспорттаушылар 211 импорттаушымен сауда қатынасын орнатқан.
Агенттік қолдау көрсеткен экспорттаушылардың 58 пайызы – шағын және орта бизнес өкілдері. «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ Басқарма төрағасы Аллен Шәйжүнісов ел экономикасын әртараптандыра отырып, ШОБ факторын басты назарда ұстайтындарын атап өтті.
2016 жылдан бастап компания отандық өндірушілерге 1,3 трлн теңгеге қолдау көрсеткен. Осы кезеңде 240 экспорттаушы сақтандыру қызметін пайдаланды.
Бұған дейін Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі сақтандыру және экспорт алдындағы қаржыландыру құралдары арқылы 465,8 млрд теңге бөліп, 122 экспорттаушыға қолдау көрсеткені хабарланған. Жалпы Қазақстанда өңдеу өнеркәсібі жобаларына 1,6 трлн теңге қарастырылған.