Қазақстан – Өзбекстан: Сауда айналымының перспективасы қандай?

Жарияланды
Өзбекстанға жүгері крахмалы мен сірне экспорты екі есе артты

Соңғы жылдары Өзбекстан Республикасы тарапынан отандық тауарларға деген сұраныс арта бастады. «KazakhExport» ұлттық экспорттық сақтандыру компаниясы мен Өзбекстан Республикасының қаржы институттары арасында қол жеткізілген келісімдер отандық өндірушілерге жергілікті нарыққа қолжетімдік мүмкіндігін береді. Бұл туралы «KazakhExport» басқарма төрағасы Аслан Қалигазин хабарлады. KazakhExport-тың сақтандыру қолдауымен қазақстандық экспорттаушылар жергілікті нарыққа автокөлік, аккумуляторлар, кабель өнімдерін, азық-түлік, құрылыс материалдарын және көптеген басқасын жеткізеді.

2019 жылдан бастап Өзбекстанға экспорттайтын отандық өндірушілерді қолдау көлемі барлығы 255 млрд теңгеден астам соманы құраған.

«KazakhExport сақтандыру қолдауымен қазақстандық экспорттаушылар жергілікті нарыққа автомобильдер, аккумуляторлар, азық-түлік өнімдері, құрылыс материалдары және көптеген басқасын жеткізеді. Отандық банктермен бірлесіп біз Өзбекстан банктері шығарған аккредитивтерді сақтандыру бойынша жобаларды қарастырамыз, бұл біздің экспорттаушыларға тауар жөнелтілгеннен кейін бірден төлем алуға, ал импорттаушыларға – қазақстандық өнімді сатып алуға қаржыландыруға мүмкіндік береді», деді Аслан Калигазин.

Сондай-ақ, 2022 жылдың 9 айы ішінде қолдау көлемі 65 млрд теңгеден астамын құрағанын айтты. Жыл соңына дейін қысқа мерзімді дебиторлық берешекті сақтандыру, экспорттық кредиттеу, тікелей және саудалық қаржыландыру сияқты өнімдер бойынша шамамен 20 млрд теңге көлемінде экспорттық мәмілелерді іске асыру жоспарлануда.

«Капиталбанк» АҚ KazakhExport серіктестерінің қатарында. Банктің сауданы қаржыландыру басқармасының басшысы Шахзодбек Усмановтың айтуынша, компаниялар сауданы қаржыландыру бойынша 2019 жылдан бастап ынтымақтасып келеді. Мұнда экспорттаушы төлемді жөнелтілгеннен кейін бірден алады, ал импорттаушы төлемнің аккредитив нысаны бойынша Өзбекстан Республикасының банкінде ыңғайлы кейінге қалдырылған төлемді және жеңілдікті қаржыландыру мөлшерлемесін алады.

«KazakhExport-пен жұмыс істеу бізге жарғылық капиталға қысым жасамай, клиенттерді қаржыландыру және кредиттеу мүмкіндігін береді. Біздің клиенттер үшін бұл қолайлы мөлшерлемемен кредит алу және Қазақстанның сенімді компанияларымен жұмыс істеу мүмкіндігін береді», деді Усманов.

Өзбекстанға экспорттаушылардың бірі – «Жаркент крахмал-сірне зауыты». «KazakhExport» жәрдемдесуімен кәсіпорын Өзбекстанға жүгері крахмалы мен сірне экспортын екі есеге арттырды. Өзбекстанға «Right to Win» ЖШС өнімдерін импорттайды.

«KazakhExport бізге сенімді серіктестерді ұсынады, тауарлардың уақтылы және толық жөнелтілуіне кепілдік береді. Сондай-ақ, банктік кредиттеуге қарағанда тиімді шарттармен қаржыландыруды қамтамасыз етеді», деді «Right to Win» ЖШС бас директоры Махмуд Юлдашев.

Өз кезегінде «Sunlight Food Trading» ЖШС Қазақстаннан «Баян Сұлу» АҚ және «Сәуле» кондитерлік фабрикасы» ЖШС өнімдерін импорттайды. Компанияның негізін қалаушы Джаффар Монжазиб KazakhExport арқасында импорт көлемі айтарлықтай ұлғайғанын баса айтты. «Ынтымақтастықтың бес жылы ішінде аталған екі компанияның өнімдерін сату көлемі 4 миллион АҚШ долларына жетті», деді Джаффар Монджазиб.

Еске салайық, «KazakhExport» ЭСК» АҚ – «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-тың еншілес компаниясы және Сауда және интеграция министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымы. Компанияның негізгі міндеті – отандық  шикізаттық емес экспорттаушыларға әртүрлі қаржы құралдары арқылы қолдау көрсету. 2022 жылдың қаңтар-тамыз айларында қазақстандық экспорттаушыларға 75 миллиард теңгеден астам сомаға қолдау көрсетілді, 31,2 миллиард теңгенің жобалары мақұлданды, 100 миллиард теңгеден астам жобалар жүзеге асырылуда.

Соңғы бес жыл ішінде елдер арасындағы тауар айналымының тұрақты өсуі байқалады. Мәселен, 2022 жылдың бірінші жартысында айналым 2,6 млрд долларды құрады. Бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 27,13 пайызға жоғары. «Атамекен» ҰКП дерегінше, экспорт көлемі 30,9 пайызға, ал импорт 17,4 пайызға өскен.

2017 жылдан бері елдер арасында Қазақстан-Өзбекстан іскерлік кеңесі жұмыс істейді.

«Екі ел арасындағы ынтымақтастық жыл өткен сайын нығайып келеді. Елдер арасында туындайтын практикалық мәселелерді жедел шешу және екіжақты қатынастарды жандандыру үшін халықаралық және үкіметаралық алаңдар құрылды. Мәселен, 2017 жылдан бастап осы мақсатта Қазақстан-Өзбекстан іскерлік кеңесі құрылды. Іскерлік кеңес аясында біз барлық мәселені тікелей пысықтай аламыз. Осы мәселелерді шешу іскерлік ынтымақтастықтың қарқынын арттурға ықпал етеді», дейді «Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы Райымбек Баталов.

Қазақстан Өзбекстанмен сыртқы сауда серіктестік бойынша үшінші (ҚХР және РФ-дан кейін) орында. Тауар айналымындағы үлес салмағы – 8,9 пайыз. Сыртқы сауда палатасының мәліметінше, Өзбекстанға Қазақстаннан негізінен:

  • Мұнай және мұнай өнімдері;
  • Бидай;
  • Ұн;
  • Күнбағыс тұқымы;
  • Қара және түсті металл;
  • Бейорганикалық химия өнімдері;
  • Азық-түлік тауарлары экспортталады.  

Өзбекстаннан Қазақстанға:

  • Энерготасымалдауыш құралдар;
  • Автомашиналар;
  • Мақта талшығы;
  • Химиялық өнімдер мен пластмасса;
  • Тыңайтқыштар;
  • Азық-түлік өнімдері келеді.  

Жалпы, жоғарыдағы деректерге мән бере отырып Өзбекстан қазақстандық тауар импортын арттырып келе жатыр деуге толық негіз бар. Бұл біздің экспорттық әлеуетімізді көтеру үшін де тамаша мүмкіндік. 2022 жылдың қаңтар-тамыз аралығында екі елдің өзара сауда айналымы 2,9 миллиард долларға жетті. Оның 2 миллиарды – Қазақстанда жасалған өнімнің үлесінде.

Сондай-ақ оқыңыз