Астанаға үш айда 18 мыңнан астам адам көшіп келді

Жарияланды 22 Мамыр 2026 15:58

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

миграция
Ішкі миграция / фото: Shutterstock

Kursiv Media зерттеуінше, 2026 жылдың алғашқы үш айында Қазақстанның ішкі көші-қон картасындағы демографиялық дисбаланс айтарлықтай күшейген. ҚР Ұлттық статистика бюросының (ҰСБ) қаңтар-наурыз айларындағы ресми мәліметіне сүйенсек, елдегі 20 өңірдің тек бесеуі ғана халықты өзіне тартатын «магнитке» айналған. Қалған 15 аймақта миграциялық сальдо теріс, яғни адами капитал сыртқа жылыстап жатыр. Елдегі 20 млн-нан астам халықтың ішкі миграциялық қозғалысын сараптасақ, мынадай қызықты макроэкономикалық трендтерді байқауға болады:

Қазақстан өңірлерінің көші-қон айырымы

2026 жылғы қаңтар-наурыз айларындағы көрсеткіш (адам)

Абсолютті көшбасшы – Астана Елорда небәрі үш айдың ішінде өзіне 18 153 адамды тартып, рекордтық көрсеткішке жетті. Астананың тартылыс күші Алматы (+5 248) мен Шымкентті (+3 588) қосып есептегеннің өзінде екі еседей жоғары. Мегаполистердің қатарына Алматы облысы (+4 841) мен Ақмола облысы (+984) ғана ілесіп отыр. Бұл урбанизацияның заңдылығы бар: халық тұрмыс сапасы жоғары, қаржылық айналымы көлемді және жұмыс орындары шоғырланған ірі агломерациялар мен олардың төңірегіне топтасуда.

Басты «донорлар» – Оңтүстік өңірлер. Көші-қон айырымы төмен аймақ – Түркістан облысы. Яғни, облыс тұрғындары өзге өңірлерге көшіп жатыр. Бірінші тоқсанда өңірден 10 мыңнан астам адам кеткен (көрсеткіш: -10 772). Одан кейінгі орындарда Жамбыл (-4 407), Жетісу (-2 735) және Қызылорда (-2 396) облыстары тұр. Негізінен аграрлық бағыттағы өңірлердің тұрғындары жақын орналасқан Шымкент пен Алматыға немесе тікелей табысы жоғары елордаға қоныс аударып жатқаны айқын көрінеді.

Өндірістік аймақтардағы жылыстау. Батыс, Шығыс және Солтүстік Қазақстанның индустриялық және мұнайлы аймақтарында да халық санының кемуі тоқтамаған. Абай (-1 994), Павлодар (-1 396), Ақтөбе (-1 352), Батыс Қазақстан (-1 351) және Атырау (-1 122) облыстары әзірге тұрғындарды тұрақтандыратын жаңа экономикалық драйверлерге мұқтаж екенін көрсетіп отыр.

Бұған дейін Солтүстікоблыстардың халқы 15 жылда қалай өзгергенін талдағанбыз.

Сондай-ақ оқыңыз