
Құрбан айт – діни дәстүр мен қайырымдылық қана емес, сонымен қатар ірі маусымдық экономикалық айналым. Қазақстан бойынша қанша сиыр мен қой сойылатыны туралы нақты есепті ешкім жүргізбейді, Алайда TradeReport сарапшылары сойылатын малдың ықтимал саны мен онлайн орташа бағаларды есептеді.
Есептеу логикасы қарапайым: мереке айында мал басының әдеттегі маусымдық нормадан (яғни, «құрбандық шалынбайтын» жылдардағы сол айдағы орташа өзгерістен) қаншалықты артық төмендейтінін қараймыз да, осы қосымша сойылған мал санын онлайн-бағадағы орташа бағаға көбейтеміз.
Ірі қара мал бойынша есеп
Бағалау бойынша бұл күндері шамамен 350–500 мың бас ірі қара сойылуы мүмкін. Бір бастың орташа бағасы шамамен 776 мың теңге болғанда, бұл шамамен 272–388 млрд теңгені құрайды. Яғни, тек ірі қара малдың өзінен түсетін айналым Ұлытау облысының жылдық бюджетінен (219 млрд теңге) әлдеқайда көп болуы мүмкін.
Уақ мал (қой мен ешкі)
Қой мен ешкіге келетін болсақ, шамамен 700–900 мың бас сойылады. Бұл ірі қара малға қарағанда шамамен екі есе көп екені қисынды. Бір бастың шартты орташа бағасы 110–115 мың теңге деп алсақ, бұл тағы да 80–100 млрд теңгені береді. Мұнда жалпы құны ірі қара малдан төмен болғанымен, Құрбан айтта сойылатын малдың басым бөлігін дәстүрлі түрде дәл осы қой мен ешкі құрайды.
Құрбан айттың бір-екі күнінде сойылатын малдың жалпы құны шамамен 350–490 млрд теңгеге жетуі мүмкін. Ал бұл Абай облысының 2025 жылғы бюджетімен (481 млрд теңге) пара-пар.
Бұған дейін Kursiv Media өңірлердегі мал бағасын зерттеген болатын.