Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті әуе компанияларын әкімшілік жауапкершілікке тартуда. Оған жазғы рейдтердің кешігіп жатқанына байланысты жолаушылардың шағымданғаны себеп болып отыр.
Ведомство тексеру барысында бірқатар заңбұзушылықты анықтады. FlyArystan Алматы – Қарағанды бағыты бойынша рейс кідірген кезде жолаушыларға талапқа сай қызмет көрсетпеген. Оларды компания есебінен қонақүйге орналастырмады, әуежайдан алып баруға және алып келуге көлік тасымалын ұйымдастырмады. Осыған байланысты 11 шілде күні «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 567-бабының 2-бөлігі бойынша әуе компаниясына 1000 АЕК (3 692 000 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды.
Ал маусым айында Атырау-Алматы бағыты бойынша рейсті кешіктірген кезде тиісті қызмет көрсетпегені үшін «SCAT» әуе компаниясы 1 000 АЕК (3 692 000 теңге) әкімшілік айыппұл төлеуге тиіс болды.
Азаматтық авиация комитеті отандық және шетелдік әуе компанияларын тексеруді жалғастыратынын ескертті.
Әуе компаниялары жыл басынан бері 5,5 миллионға жуық адамды тасымалдаған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17 %-ға артық. Аптасына 640 рейс жиілігімен 53 бағыт бойынша 6 әуе компаниясы жолаушыларға қызмет көрсетеді.