Жаңалықтар

Қазақстанда мал басы мен ауылшаруашылық техникасының санағы өтеді

Пилоттық режимдегі ауыл шаруашылық санағы 20 тамызда басталады / Фото: архив kursiv.media

Қазақстанда пилоттық режимде ауыл шаруашылығы санағы басталады. Санақ тамыздың 20-сы мен 30-шы қыркүйек аралығында өтеді. Санақ мерзімі мен оның ұйымдастыру қағидалары туралы ақпарат Ұлттық статистика бюросының онлайн-сессиясында айтылды.

Бюро ұсынған ақпаратқа сүйенсек, санаққа екі ауылдық және бір қалалық елдімекен қатысады. Алдын ала сауалнама екі апта бойы жүргізіледі.

«2024 жылғы 20 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында Ұлттық статистика бюросының аумақтық бөлімшелерінің қызметкерлері пилоттық ауыл шаруашылығы санағын 54 елдімекенде – ауылдық және қалалық жерлерде жүргізетін болады, – деді ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы басшысының орынбасары Әсел Шауенова.

Ауыл шаруашылығы санағына шаруа қожалықтар, ауыл шаруашылығы қызметін жүзеге асыратын үй шаруашылықтары, заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер қатыса алады. Санақ барысында жер және егіс алқаптары, төрт-түлік, үй құстарының саны, ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтары есепке алынады. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы инфрақұрылымына қатысты басқа да аспектілерге қатысты деректер  назарға алынады.

«Пилоттық ауыл шаруашылығы санағы – 2025 жылғы негізгі ауыл шаруашылығы санағына дайындықтың маңызды кезеңі, ол таңдалған әдістеменің дұрыстығын және ақпараттық жүйелердің дайындығын тексеруге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Шауенова.

Анықтама:

Ауыл шаруашылығы санағы – бұл ауыл шаруашылығының құрылымы мен жағдайы туралы мәліметтерді жинау, өңдеу, ресми статистикалық ақпаратты талдау және тарату процесін қамтитын статистикалық бақылау. Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымының (БҰҰ ФАО) халықаралық ұсыныстарына сәйкес, ауылшаруашылық санағы әр бес-он жыл сайын жүргізілуі керек, оның негізгі міндеті – аграрлық шаруашылықтардың негізгі ұйымдық құрылымы туралы мәліметтер алу, бұл сектордағы тенденциялар мен құрылымдық өзгерістерді анықтауға мүмкіндік береді.

2024 жылдың наурызындағы мәліметке сүйенсек, еліміздегі ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің орташа бағасы (тоннасына) мынадай: ірі қара мал үшін 962 753 теңге, жылқы – 1 092 296 теңге, түйе – 1 061 900 теңге, қой-ешкі – 947 454 теңге, үй құстары – 869 016 теңгені құрайды.

Статистика бюросы төрт-түліктің жасына қарай нарықтағы орташа бағасын да ұсынды. Мәселен, сауын сиырдың бағасы 369 656 теңгені құраса, етті-сойылатын сиырдың құны 374 271 теңгенің айналасында. Бұқа  409 972, өгіз 426 767 теңгені құрайды. Бұзау бағасы 161 467 теңгенің төңірегінде.

Түйенің де нарықтағы орташа бағасы көрсетілген:  бура 728 639 теңге болса, інген 708 442 теңге деп белгіленген.  Ал жылқының 3 жастан асқандары мен дөнендердің бағасы 531 275 теңгені құрады. Құнан 388 984, тай мен бір жабағының нарықтағы құны 267 913 теңге мөлшерінде белгіленген.

Ұсақ мал  басы саналатын қой мен ешкінің орташа бағасына келсек: қошқар – 69 312, қой 63 001, тоқты 46 304 болса, алты айлық марқалар 40 820 теңге, алты айға дейінгі жас қозының құны 29 581 теңгенің айналасында болып отыр. Ешкі бағасы  38 517 теңге, оның төлі лақтың нарықтағы орташа құны 21 898 теңге.