Жаңалықтар

1.9 млрд теңгені негізсіз жұмсаған: «Атырау мұнай өңдеу зауытының» бұрынғы басшысына қатысты тергеу аяқталды

Мұрат Досмұратовқа қатысты қылмыстық іс аяқталды / Коллаж kursiv.media / бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қаржы мониторингі агенттігі «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-нің бұрынғы бас директоры Мұрат Досмұратовқа қатысты қылмыстық істі аяқтағанын хабарлады.

Мұрат Досмұратовқа өз қызметін асыра пайдаланып, мемлекетке аса ірі залал келтірді деген айып тағылған. 2022-2023 жылдар аралығында АМӨЗ қаражатын негізсіз бөліп, жалпы сомасы 1,9 млрд теңгеге технологиялық жабдықты жөндеу шартын жасасты деген күдікке ілінген.

Қазір АМӨЗ бұрынғы басшысы үйқамақта. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіндегі өзге де ақпарат жария етілмеген.

Атырау МӨЗ басшысы Мұрат Досмұратов қызметінен өз еркімен кеткен еді. ҚМА мен өңірлік прокуратура Атырау мұнай өңдеу зауытын тексеруді 28 ақпанда бастаған ҚМА мәліметінше компания басшылығы өз өкілеттіліктерін теріс пайдаланып, мемлекетке аса ірі көлемде залал келтірген болуы мүмкін. 

Досмұратовтың алдында лауазымды атқарған Шухрат Данбайды 2023 жылы желтоқсанда Атырау облыстық соты 4,5 жылға соттады.

10 қаңтарда «ҚазМұнайГаз» еншілес компаниясы Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директоры лауазымына Ғалымжан Жусанбаев тағайындалды.

Алайда Ғалымжан Жусанбаев бұл қызметте ұзақ отырмады. Тағайындалғанына бір ай болғанда дау шығып, әріптестері үстінен шағым түсірді. Бұдан соң АМӨЗ атқарушы директоры қызметіне жаңа тағайындалған Ғалымжан Жусанбаев президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдап, АМӨЗ-де болып жатқан келеңсіз жағдайлар туралы баяндады. Ол бір айдан бергі қызметінде зауыт жұмысынан талай қателік анықтағанын айтты. Өзіне қарсы басталған шабуылдың себебі сол екенін мәлімдеді. Ол 2020-2023 жылдар аралығында еншілес компаниялар тобынан жалпы сомасы 150 млрд теңгеден асатын тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді жоғарылатылған бағамен сатып алу фактісі анықтағанын хабарлады. Бұл сатып алулар көптеген бұзушылықтармен жүзеге асырылғаны айтылды.

Өз кезегінде зауыттың ескі қызметкерлері Жусанбаевты зауыттың жұмысына кедергі келтірді, төтенше жағдайда қауіпті жағдай туғызды деп айыптады. Жусанбаевтан бұрын АМӨЗ-дің бас инженері Әділет Шошанбасов Мемлекет басшысының атына хат жолдаған болатын.  Ол АМӨЗ басшысының өздеріне қоқан-лоққы көрсетіп, өз қызметін асыра пайдаланды деп айыптады. Бас инженер болашақта зауыт басшылығы тарапынан қаржылық ұрлық жасалуы мүмкін екенін айтты.

2 сәуірде зауытқа жаңа басшы келді. «ҚазМұнайГаз» компаниясы баспасөз қызметінің хабарлауынша, зауытқа Абзал Досжанов басшы болып тағайындалған.