Жаңалықтар

ШҚО-да Үлкен Нарын мен Самар ауданында заңсыз алтын қазумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды

алтын өндірумен заңсыз
Қылмыстық топ ШҚО-ның екі ауданында алтын өндірумен заңсыз айналысқан / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Аружан Махсотова

Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы алтын өндірумен заңсыз айналысқан «қара кеншілерді» ұстады. Бұл жайлы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бұл қылмыстық топ арнайы техниканы пайдалана отырып, облыстың бірнеше аудандарында бағалы пайдалы қазбаларды өндірумен айналысып келген. Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері олардың жұмысын тексеріп, нәтижесінде заңға қайшы әрекет еткенін анықтаған.

«Бір қызығы, кен қазушылар жұмыстарын мұқият жасырып, көзден таса ұстаған. Олардың жасырын әрекеті тікұшақпен аймақты аралап қарағанда анықталған. Құрамында 7 адамнан тұратын бірінші топ Самар ауданында жұмыс істеген. Металл детекторлары арқылы олар жер учаскелеріне барлау жүргізген. Кейіннен экскаватормен топырақтың үстіңгі қабаты алынып, алтын кесектерін өндірген», – деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Полицияның хабарлауынша, қылмыстық топтың жұмысы нақты жүйеленген әрі өздерінің жұмыс схемасы болған. Олардың жұмыс жүргізілетін аймаққа периметр бойынша бөтен адамдардың кіруіне жол бермеу үшін мотоцикл постарын қойған. Ал ол жерді күзететін адамдарға тегіс ұңғылы мылтық берілген.

Тексеру жұмыстары кезінде құзырлы орган қызметкерлері олардан шамамен 5-6 граммды құрайтын алтын кесектерін, техника мен қару-жарақ, оқ-дәрілер мен тиегіш тәркілеген.

Екінші топ Үлкен Нарын ауданында осыған ұқсас жұмыстар жүргізген. Мұнда да қылмыстық топ нақты бір жүйе арқылы жұмыс жүргізген. 11 адаманан тұратын топ бағалы металдар өндірумен айналысқан. Бұл заңсыз кеніштен полицейлер техникадан басқа 20 грамнан астам алтын, 6 металл іздегіш пен радиостанция тәркілеген.

«Заңсыз әрекеттерді толық тіркеу үшін жедел уәкілдер пилотсыз ұшу аппаратын қолданды. Құқық бұзушылар «Жер қойнауына мемлекеттік меншік құқығын бұзу, рұқсатсыз кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен айналысу, қаруды заңсыз сақтау, алып жүру» фактілері бойынша жауапқа тартылды», – деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Ал алынған инвентарь мен техника мемлекет кірісіне тәркіленген. Сондай-ақ заңсыз әрекет еткен кеншілердің жер қойнауы ресурстарына келтірілген залалының құнын анықтау үшін тиісті сараптама тағайындалған. Полиция мұндай заңсыз әрекеттер тек экономикаға кері әсер етіп қоймай, сонымен бірге аймақтың экологиясын, флорасы мен фаунасын бұзатынын ескертеді.

Еске сала кетсек, наурызда Сенат депутаты Андрей Лукин Қазақстанда соңғы 4 жылда заңсыз алтын өндіру мен ұрлаудан келген шығын 1,5 млрд теңгеден асып кеткенін айтты.

Сенатордың айтуынша, кейінгі 1 жылда 25 тоннаға жуық алтын заңсыз өндірілген. Соңғы төрт жылда Қазақстанда бағалы металдардың заңсыз айналымына байланысты 133 қылмыстық құқық бұзу тіркелген.

Сенатор алтынды заңсыз өндіретін кеншілердің ісіне тоқтау болмай тұрғанын айтқан. Заңды түрде өндірілген 3 тонна алтынға 1 тонна заңсыз өндірілген асыл темірден келеді екен. Яғни жылына 25 тоннасы заңсыз қазып алынады. Депутат 50-100 адамнан құралған заңсыз кеншілер шахталарға шабуыл жасап, инфрақұрылымды құртатынын айтады.