Жеке тұлғаларға берілетін несиенің орташа пайыздық мөлшерлемесі маусым айында тағы төмендеді: теңгеде 20,4%-дан 18,6%-ға түссе, шетел валютасында орташа мөлшерлеме 4,1%-дан 3,9%-ға дейін азайды. Бұл – 2023 жылдың желтоқсанынан бергі ең төменгі көрсеткіш.
Ұлттық банктің ресми статистикасына сүйенсек, заңды тұлғалар үшін теңгедегі несие мөлшерлемесі өзгеріссіз қалды (маусымлағы орташа мөлшерлеме18%). Алайда шетел валютасында берілетін несиенің орташа өсімі 7,6%-дан 7,9%-ға дейін жетті.
Маусым айында жеке тұлғалардың депозиттері бойынша орташа мөлшерлеме өзгерген жоқ (теңгеде 13,6% және шетел валютасында 0,9%), ал заңды тұлғалар үшін теңгеде 13,7%-дан 13,5%-ға, шетел валютасында 2,6%-дан 2,5%-ға дейін азайды.
Жеке тұлғалар үшін ең тиімдісі 1-3 айлық депозиттер болып тұр. Олардың пайыздық ставкасы шамамен – 15,3%. Заңды тұлғалар үшін бұл көрсеткіш 13,5%-ға тең. Пайыздық мөлшерлемесі ең тиімдісі 1 айлық депозиттер. Олардың орташа пайыздық мөлшерлемесі 13,5%-ды құрайды.
Бас банктің есебіне назар аударсақ, өңірлер арасында банктер тартқан салымдар бойынша мәліметте Алматы қаласы 42,0% үлеспен көш бастап тұр. Алматыдан кейін 18,4% үлес астаналықтарға тиесілі, Екі шаһардың үлесі осылайша 60,4%-ға жетеді. Екі мегаполистен кейін 4,8%-бен Қарағанды облысы үшінші орында болса, үшінші мегаполис – Шымкент қаласының республикадағы үлесі небәрі 3,6%-ды құрап отыр.
Керісінше, үлесі төмен өңірлер тізімін 0,5%-бен Ұлытау облысы бастаса, Жетісу, Алматы, Түркістан облыстарының үлесі 0,8% болып отыр.
Қостанай, ШҚО, Павлодар облыстары 3,5%, 3,4% және 3,0% үлеспен ортада тұр, қалған өңірлердің үлес салмағы 3%-дан аспай отыр. Осылайша банктер тартқан салымшылардың республикадағы өңірлердің үлесінде алшақтық байқалады. Әрине, бұл аймақтардың әралуандығы мен даму ерекшелігіне байланысты. Сондай-ақ өңірлердегі халықтың тұрмыс сапасы, орташа жалақы мөлшері және халық тығыздығы сияқты көптеген фактор әсер етеді.
2024 жылғы маусымда Қазақстанның депозитарлық ұйымдарындағы жинақтарының көлемі бір айда 3,7%-ға өсіп, 35,7 трлн теңгені құрады.