Орталық Азия банктері ресейлік компаниялардың ақша аударымдарын өткізуден жиі бас тартып жатыр

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Орталық Азия банктері ресейлік компаняларға қызмет көрсетуден бас тартып жатыр ма? Фото: shutterstock, бильд-редактор Аружан Махсотова

Ресейлік РБК басылымының жазуынша, Орталық Азия елдеріндегі банктер ресейлік компаниялардың ақша аударымдарын өткізуден жиі бас тарта бастаған.

Шілде айында Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстандағы банктер арқылы төлем жасаудан бас тартқан жайттардың үлесі 30%-ға дейін өскен.

Сонымен қатар орташа төлем мерзімі екі аптаға дейін ұзарған. Бұл ақпаратты РБК-ге ресейлік ірі бизнес өкілдері растады.

Төлем жасаудан бас тартқан банктер компанияларға бұл шешімнің себебін айтпайды. Алайда ПЭК қаржы директоры Роман Ромашевскийдің айтуынша, Орталық Азия банктерінің комплаенсті күшейтуіне байланысты осындай түйткілдер туындай бастады. Олар ресейлік компаниялар, олардың құрылтайшылары, клиенттері және қаражаттың шығу тегі туралы қосымша құжаттар талап еткен.

РБК жазуынша, төлемге қатысты мәселе 2022 жылы басталып 2024 жылдың екінші тоқсанында күшейген.

2023 жылдың желтоқсанынан АҚШ президенті Джо Байденнің жарлығына байланысты, Орталық Азия ресейлік компаниялармен жұмыс істеу тәсілдерін қатайтқан. Оған сәйкес, шетелдік банктерге Ресейдің санкция салынған тұлғаларына транзакция жасауға көмектескені және ресейлік әскери-өнеркәсіп кешеніне жеткізілімдерді жеңілдеткені үшін шектеу қойылуы мүмкін.

2024 жылдың маусымында АҚШ Ресейдің әскери-өнеркәсіптік базасының анықтамасына Ресей банктерін қосты, бұл Орталық Азия елдері үшін қайталама санкциялар қаупін арттырды. Маусым айында ресейлік компаниялар Қырғызстан арқылы ақша аударғанда да қиындықтарға тап болды.

Алайда тек Орталық Азия емес, басқа мемлекеттер де қайталама санкциядан қауіптеніп отыр. Мәселен, маусымда Bank of China АҚШ санкцияларына байланысты ресейлік банктермен операцияларды тоқтатқан.

12 маусымда АҚШ Қаржы министрлігінің Шетелдік активтерді бақылау басқармасы (OFAC) Мәскеу биржасын (MOEX брендімен жұмыс істейтін) SDN тізіміне енгізді. Бұл оның америкалық банктер мен депозитарийлердегі шоттарын бұғаттауды, сондай-ақ АҚШ азаматтары мен тұрғындары үшін ынтымақтастыққа тыйым салуды білдіреді.

Сонымен қатар компанияның SDN тізіміне енуі оның бүкіл серіктестеріне қайталама санкция қаупін тудырмайды. Тек еншілес ұйымының меншікті капиталының 50 пайызын иеленсе, шектеу енгізілуі мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз