Газ бағасы үш есе қымбаттап, 100 еуродан асты: Еуропа отын дағдарысына тап болды

Жарияланды 7 Қараша 2026 17:44

Үмітжан Бакелекова

Үмітжан Бакелекова

Business news бөлімінің редакторы u.bakelekova@kursiv.media
Фото: shutterstock

Еуропада газ бағасы 2022 жылдан бері алғаш рет мегаватт-сағатына 100 еуродан асты. Бұл жағдай Еуроодақтың Энергетика жөніндегі комиссары Дан Йоргенсеннің Еуропа жаңа энергетикалық дағдарыспен және ауыр қыспен бетпе-бет келіп отырғанын ескерткенінен кейін орын алды.

Сәрсенбі күні газ бағасы 100,37 еуроға дейін көтерілді. Ақпан айының соңында Иранда соғыс басталғанға дейін баға 32 еуро шамасында болатын.

Еурокомиссар Дан Йоргенсен геосаяси жағдайға байланысты өңірде отын бағасы күрт өскенін және алдағы қыс азаматтар мен экономика үшін қиын болатынын мәлімдеді.

Дағдарыстың басты себебі – сұйытылған табиғи газ (СТГ) жеткізу тізбегінің бұзылуы. Ирандағы соғыс салдарынан, әсіресе, Қатардан келетін отын тоқтады. Енді Еуропа газдың 30 пайызға жуығын жеткізіп отырған АҚШ-қа тәуелді болып қалды.

Сонымен қатар Еуропадағы газ қоймаларының толу деңгейі төмен. 21 қазандағы мәлімет бойынша қоймалар 75 пайызға ғана толған, ал әдетте 1 қарашаға қарай 90 пайыз толып тұратын. Сондай-ақ былтыр қыс аяқталғанда қоймалардың 28 пайызы ғана толы болғандықтан, оларды қайта толтыру процесі баяу әрі қымбатқа түсті.

Сарапшылардың бағалауынша, соғыс Еуропаның газ импортына жұмсайтын шығынын 18–33 млрд еуроға өсірді.

Сонымен бірге Еуропа Азия елдерімен табиғи газ үшін бәсекелесуге мәжбүр болады. Дегенмен қазір газ тұтыну көлемі 2022 жылғы дағдарысқа дейінгі кезеңмен салыстырғанда 20 пайызға төмен, бұл жиналған қорды ұзағырақ пайдалануға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта Еуроодақ бұл тығырықтан шығудың балама жолдарын іздестіруде. Одақ Канадамен ұзақ мерзімді келісім жасау мүмкіндігін қарастырып жатыр.

Осы ретте АҚШ пен Ресей өкілдері ресейлік газды Еуропаға қайта жеткізуге мүмкіндік беретін мәмілелерді талқылап жатыр. Соның ішінде Nord Stream газ құбырларына америкалық инвестор тарту мәселесі де қарастырылған.

Сондай-ақ оқыңыз