6,3 млрд доллар шығын: Binance-тегі ұрлықтан кейін сақтандыру талаптары қатаңдайды

Жарияланды 7 Қараша 2026 11:00

Үмітжан Бакелекова

Үмітжан Бакелекова

Business news бөлімінің редакторы u.bakelekova@kursiv.media
Фото: shutterstock

Өткен аптада Binance криптобиржасынан 6,3 млрд доллардың ұрлануы сақтандыру компанияларын қауіпсіздік талаптарын күшейтуге итермелеп отыр.

Reuters басылымының жазуынша, сақтандырушылар криптовалюта нарығынан біржолата кетпейді. Алайда енді клиенттермен келісімшарт мерзімін ұзарту немесе жаңа полис рәсімдеу кезінде олардың осындай шабуылдарға қаншалықты дайын екенін мұқият тексеретін болады.

Биржа таратқан есепке сәйкес, хакерлер жасырын бағдарлама мен жалған жұмысқа орналасу сұхбатын пайдаланып, екі инженердің компьютерін бұзған. АҚШ ФБР-і бұл шабуылды Солтүстік Кореямен байланысты топ ұйымдастырды деп айыптап отыр.

Осы оқиға қарқынды дамып келе жатқан криптосаладағы сақтандыру мүмкіндіктерінің шектеулі екенін көрсетті. Сарапшылардың пікірінше, нарықта Binance тартқандай орасан зор шығынды өтей алатын бірде-бір сақтандыру полисі жоқ.

Оның үстіне, 2023 жылдан бастап Lloyd’s сияқты ірі сақтандыру жүйелері мемлекет қолдайтын кибершабуылдарды сақтандыру жағдайларынан алып тастау талабын енгізген. Солтүстік Кореяның бұл іске қатысы болуы мүмкін деген болжам сақтандыру төлемдерін алуды одан әрі күрделендіреді.

Мамандар бұл жағдайдың сақтандыру шартын ұзарту кезінде айқын білінетінін айтады. Егер тергеу барысында Binance қауіпсіздігіндегі нақты бір осал тұс анықталса, сақтандырушылар басқа криптокомпаниялардан да осы кемшілікті жоюды талап етеді.

Сондай-ақ компаниялардан Binance-пен байланысы немесе онда орналастырылған активтерінің бар-жоғы ашық сұралады.

Grand View Research болжамы бойынша, жаһандық криптосақтандыру нарығы 2026 жылғы 13,8 миллиард доллардан 2033 жылға қарай 192,7 миллиард долларға дейін өседі. Сарапшылар нарыққа жаңадан кіретін сақтандырушылар әзірге сақтық танытқанымен, уақыт өте келе бұл сектор қайта қалпына келеді деп есептейді.

Binance – күнделікті сауда көлемі бойынша әлемдегі ең ірі криптовалюта биржасы. Өткен айда ғана Қазақстан Ұлттық банкі мен Binance Investments Co. елде өңірлік есеп айырысу хабын дамыту келіскен еді. 

Сондай-ақ оқыңыз