Қазақстандық KeshYou тобы әйгілі рэпер Snoop Dogg-пен бірге айтқан Forever Sunday әніне бейнебаян түсірген. Бейнебаянның тұсаукесері Қазақстан уақытымен кешкі сағат 19:00-ге белгіленген. Ал әнші Жанар Дұғалова болса тағы бір америкалық жұлдыз Бруно Марсқа 3 бірдей ән ұсынған. Бұл туралы Izi Music арнасына сұхбат берген продюсер Баян Алагөзова айтып берді.
Бейнебаянда KeshYou мен Snoop Dogg бейнебаяны АҚШ-тың Лосс-Анджелес қаласында түсірілген. Онда Snoop Dogg қазақстандық дизайнер Аида Кауменованың шапанын киіп рэп оқиды.
Өз сұхбатында топтың продюсері Баян Алагөзова Snoop Dogg-пен келісімге қалай келгенін айтқан. Оның сөзінше, бастапқы уақытта KeshYou тобының продюсерлік командасы нақты Snoop Dogg-тың өкілдерімен келісімге келіп жүргендеріне сенбеген. Себебі оларда дәлел құжат болмаған. Кейіннен рэпермен кездескеннен кейін, Snoop Dogg-ке әннің өзі айтатын бөлігін жазуға 3 ай уақыт керек болған.
«Әнді жазуға көптеген адам ат салысты. 15 шақты адамның еңбегі сіңді. Тректі Бағым Мақсатқызы (Мұхитденова – ред) жазып шықты. Трек Snoop Dogg-қа ұнады, өзгерту, қайта жазу туралы әңгіме болған жоқ», – дейді Баян Алагөзова.
Алагөзованың айтуынша, 6 ай келіссөздер жүргізіп, 3 ай әннің жазылып бітуін күткеннен кейін ғана Snoop Dogg кездескен. Алғашқы кездесу Death Row Records жазба студиясында өткен. Бейнебаянды түсіруге 3 күн кеткен. Сонымен қатар продюсер Snoop Dogg-пен фит жазу үшін ақша төлегенін жоққа шығармады. Тек нақты қанша төлегенін айтпады.
Бейнебаян түсірілгеннен кейін, KeshYou тобы Snoop Dogg-тің Милуокидегі (АҚШ – ред.) концертінде өнер көрсеткен.
Бұған қоса, продюсер болашақта америкалық әнші Бруно Марспен бірге жұмыс істеу мүмкіндігі барын айтты. Ол қазақстанды әнші Жанар Дұғалованың 3 ән жазып, Бруно Марсқа ұсынғанын атап өтті.