Қазақстан үкіметі Қазақстан-Қытай бірлескен «Азия газ құбыры» кәсіпорнына орман қорынан 60 гектардан астам жер бөлді. Қаулыда серіктестіктің мемлекетке орман қорының құнын өтеуі керек екені атап өтілген.
Жамбыл облысында «Меркен орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі» КММ-ның орман қорынан ауданы – 7,0094 га, Түркістан облысында «Шардара орман және жануарлар дүниесін қорғау мемлекеттік мекемесі» КММ-ның қорынан – 57,5559 га жер учаскесі бөлінген.
«Азия газ құбыры» ЖШС осы учаскелердің құнын мемлекетке өтеуге тиіс.
«Орман алқаптарын орман шаруашылығына қатысы жоқ мақсаттарда пайдалану үшін алып қоюдан орман шаруашылығы өндірісінде келтірілген залалдарды республикалық бюджетке өтеу», – делінген Үкімет қаулысында.
Екі құжатқа 24 шілдеде қол қойылып күшіне енді.
«Азия газ құбыры» ЖШС – 2008 жылы Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы «Қазақстан-Қытай» газ құбырын салу және пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы келісім аясында құрылған Қазақстан-Қытай бірлескен кәсіпорны.
Қытай нарығына түркімен мен өзбек газын жеткізеді. Ал Қазақстан газын республиканың ішкі нарығына жеткізеді және экспортқа шығарады. Серіктестік қатысушылары – «QazaqGaz» ҰК АҚ және Trans-Asia Gas Pipeline Company Limited (CNPC еншілес кәсіпорны).
Былтыр QazaqGaz бен Қытайдың ұлттық мұнай корпорациясы (CNPC) табиғи газды жеткізу, геологиялық барлау саласында серіктестік орнатуға келіскен еді.