Жаңалықтар

Израиль ауылына шабуыл: Қорғаныс министрлігі Голан үстіртінде жүрген қазақ әскерінің аман-есен екенін хабарлады

Мадждал-Шамс ауылында балалар көз жүмды/ фото Leo Correa

Израильдің Мадждал-Шамс ауылына түскен зымыраннан 12 бала мен жас адам қаза тапты. Бұл қастандыққа Израиль тарапы «Хезболланы» айыптады. Осыған байланысты міндетті түрде жауап қататындарын қатаң ескертті. Голан биігіндегі шабуылдан 30-дан аса адам жараланды.

Осы Голан үстіртінде қазақ жасағы бітімгерлік міндетін атқарып жүр. ҚР Қорғаныс министрлігі елдің жасағы аман-есен екені туралы ақпарат таратты.

«Голан биігінде БҰҰ бітімгелік миссиясын орындап жатқан қазақстандық контингент әдеттегідей жұмысын жалғастыруда. Жеке құрамның өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ», –  деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Наурыз айында Қазақстан Қарулы күштерінің 139 адамнан тұратын бітімгерлер тобы Голан үстіртіне жетті. Қазақстанның әскери ротасы ол жерде 1 жыл қызмет етеді. Бұл – Қазақстанның Голан үстіртінде жүргізетін алғашқы дербес бітімгершілік миссиясы.

Голан үстірті – стратегиялық әрі даулы аймақ. Негізінен таулы жерлер болып келеді. Ливан, Сирия, Иордания  және Израильмен шектесіп жатыр. Қазіргі таңда Израиль бақылауында. 1981 жылы Израиль Кнессеті «Голан шыңдары туралы заңды» қабылдады, осы заң бойынша Израиль бұл аймақтың үстінен біржақты суверенитет жариялады. Бірақ 1981 жылғы 17 желтоқсанда БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі аннексияны жарамсыз деп таныды.