Ақтөбеде автогаз тапшы. Соның салдарынан сұйытылған газ құятын бекеттерде ұзын-сонар көлік кезегі пайда болған. Бұқаралық ақпарат құралдары таратқан ақпараттарда жанармай құю станцияларында автогаз тапшылығына байланысты отынның тек талондар арқылы беріліп жатқаны айтылған.
Көлік иелері мұндай тапшылық биыл бірінші рет болғанын, 3-4 күннен бері жүргізушілердің отын таппай әбігерге түскенін айтып отыр.
Бұл мәселеге қатысты облыстық кәсіпкерлік басқармасы Энергетика министрлігі бөлген 10 960 тонна сұйытылған газдың көлемі жеткіліксіз екенін айтады.
«Ақтөбе облысына 16 мың тонна газ қажет. Шілде айына Энергетика министрлігі небәрі 10 960 тонна бөлді», – деп мәлімдеген басқарма.
Сонымен бірге басқарма зауыттардан 264,3 тонна жанармай жеткізілетінін хабарлады. Оның 504 тоннасы осы аптада Атырау мұнай өңдеу зауытынан Ақтөбеге жетеді.
«Курсив» осы мәселеге қатысты Энергетика министрлігіне сауал жолдаған болатын.
Министрлік өңірге 10 960 тонна газ көлемін бекіткенін растады. 2024 жылдың 29 шілдедегі жағдай бойынша жоспарда бекітілген газдың «СНПС» АҚ-на бекітілген 5033 тонна газдың 4939 тоннасы берілген. Ал «KazakhOil» ЖШС ресурсынан барлығы 2083 тонна газ жеткізілуі керек болған. Оның бүгінде 2029 тоннасы жеткізілген. «GPC» ЖШС-нен жоспарға сәйкес бекітілген 3844 тонна газдың 3 461 тоннасы жеткізілген.
Сонымен бірге қазіргі таңда сұйытылған газды сатып алушыларға жөнелтілім орташа есеппен 300 тонна газды құрайды екен. Ал бұл өңірге қажетті тәуліктік көлем 370 тонна көлемінде екен. Министрлік хабарлауынша, қалған сұйытылған газ 380 тоннаны құрайды.
Жалпы газдың тапшылығына, зауыттардағы профилактикалық жөндеу жұмыстары да әсер еткен.
«Жазда сұйытылған мұнай газын өндіретін зауыттарда алдағы жоспарлы профилактикалық жұмыстарға байланысты ішкі нарыққа жеткізу жоспары шеңберінде министрлік бекіткен сұйытылған газ көлемі айтарлықтай қысқарды. Сонымен қатар, жазда демалыс маусымына байланысты халық арасында тұтынудың қарқынды өсуі байқалады. Бұл өз кезегінде сұйытылған газ тапшылығына әкеліп соқтырады. Осындай тапшылық еліміздің оңтүстік өңірлерінде де байқалуы мүмкін»,- деп мәлімдеді министрлік.
Өңірдегі тапшылықтарды ескере келе, министрлік облыстың ішкі қажеттілігін қамтамасыз ету үшін осы шілде айына қосымша 2192 тонна сұйытылған газ бөлу туралы шешім қабылдаған. Ведомство облыстағы жағдай министрліктің ерекше бақылауында тұрғанын мәлімдеді.
Еске сала кетсек, 16 шілде күні Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев сұйытылған газды стратегиялық маңызы бар мұнай-химия саласының шикізаты ретінде бекітуді ұсынған болатын. Министрдің айтуынша, бұл шикізат көп елде отын ретінде сирек пайдаланылады және қосылған құны жоғары өнім ретінде бағаланады.
Сонымен бірге министр елде бұл отын түрін тұтыну көлемі күн санап артып келе жатқанын айтады. Әсіресе, елдің шекаралас өңірлерінде сұраныс ерекше артқан. Министр бұған Қазақстанда сұйытылған газ бағасының арзан болуы себеп екенін айтады. Атап айтқанда, Қазақстанда бұл газдың бағасы – 59-94 теңге аралығында болса, Ресейде – 171 теңге, Қырғызстанда – 149 теңге, Әзербайжанда – 323 теңге, Тәжікстанда – 183 теңге екен.
Бұлайша сұйытылған газға төмен баға белгілеуге байланысты еліміздің автокөлік жүргізушілерінің осы отынға ауысу жағдайлары жиілеген. Бұл тұтынудың артуына әкеп соғады.
Ал оның алдында Энергетика министрі осыған дейін де Қазақстанда сұйытылған газ бағасы өзге елдермен салыстырғанда едәуір арзан екенін, оның құнын әр өңірге байланысты көтерілетінін айтқан болатын. Әйтпесе, сұйытылған мұнай газ өндірісінің тиімсіздігінен сала шығынға ұшырайтынын алға тартқан ол бұл саланы жаңғыртуға қаражат салынбағаны да жағдайды күрделендіре түсетінін мәлімдеген.