«Жалтырбұлақ» компаниясы «Астана» халықаралық қаржы орталығына тіркеледі. Акционерлердің жалпы жиналысында осындай шешім қабылданды. Жиналыста дауыс беру қорытындысымен Әлімбек Сейдуллаев компанияның бас директоры болып тағайындалды.
«Әлімбек Сайдуллаевқа барлық құжатты жеке-дара ресімдеуге компанияны тіркеу үшін құрылтайшы-акционерлердің атынан барлық қажетті және тиісті әрекетті жасауға, тіркеу процесінен кейін барлық қажетті және тиісті әрекеттерді жасауға өкілеттік берілсін», – делінген Қазақстан қор биржасы жариялаған құжатта.
«Жалтырбұлақ» АҚ-ның жарғылық капиталы 500 000 000 теңге, акциялар саны – 500 000 дана, акцияның номиналды құны – 1000 теңге деп бекітілді.
Қазақстан қор биржасындағы 1 шілдедегі ақпарат бойынша компания акциялары Б. Жамалов (31,88%), Г. Досаева (25,67%), Б. Каниев (16,73%), Ю. Пак (16,73%), Ә. Сейдуллаевқа (7,42%) деп көрсетілген. Юрий Пак бірқатар мұнай сервистік активтеріне ие және бұған дейін Қазақстанның ең бай 50 адамының қатарында болған. Алайда 2015 жылдан бері Пактың байлығы екі есе азайды. Соңғы рет ол Forbes Kazakhstan рейтиңінде 2021 жылы 80 миллион доллармен көрінген. Ал Алматы әкімі Ерболат Досаевтың әйелі Гүлнарға компания акцияларының төрттен бірі тиесілі.
«Жалтырбұлақ» АҚ алтын өндіруші компаниясы 2023 жылдың қорытындысы бойынша 1,187 млрд теңге шығынға ұшырады. Шоғырландырылған қаржылық есебіне сәйкес компанияның меншікті капиталы – 3 156 673 мың, жалпы кіріс – 265 230 мың, таза пайда (таза шығын) – 1 187 970 мың теңгені құраған.