«Астана таңғалдыруда»: әлемдік жұлдыздар мен гик-мәдениет өкілдері Comic Con фестивалінде бас қосты

Жарияланды 29 Шілде 2024 17:27

(жаңартылды 29 Шілде 2024 18:30)
Азамат Серікхан

Азамат Серікхан

General News бөлімінің аға тілшісі a.serikkhan@kursiv.media
Comic Con Astana фестивалінде жүлде қоры 12 млн теңге болатын косплей байқауының қорытындысы шықты / Фото: Comic Con Astana

25-28 шілде аралығында ел астанасында Comic Con Astana III Халықаралық фестивалі өтті. Іс-шараға халықаралық студиялар, продюсерлер, танымал блогерлер және кәсіби косплей-әртістері қатысты. Орталық Азиядағы ең ірі және танымал, сондай-ақ форматы жағынан да ауқымды фестиваль қалай өтті, қандай оқиғалармен есте қалды? Kursiv LifeStyle фестивальде бой көрсеткен танымал шетелдік әртістердің сұхбатын ұсынып, негізгі жаңалықтарға шолу жасады.

Comic Con Astana – комикс, кинематография, бейне ойындар, анимация және басқа да заманауи поп-мәдениет салаларына арналған фестиваль. Айтулы шараның алғашқы күнінде небір кейіпкерлерді нақышына келтіріп жүрген дубляж актерлері Егор Васильев пен Ислам Ганджаевтың дауыстары көптің есінде қалды десе болады. 

Егор Васильевтің дауысымен аниме және «Жүректер байланысы» (Связь сердец),  «3000 жылдық тілектер», «Форсаж 9» (жас Доминик Торетто) және басқа да кейіпкерлер сомдалған. Ал Ислам Ганджаевтың дауысы «Гарри Поттер» және «Жұлдызды соғыстар» туралы фильмдерде көрермен есінде ерекше жатталып қалған. Киносүйер қауым оны «Шынжырлы адам» (Человека-бензопилы) фильміндегі Денджи мен «Cиқырлы шайқастағы» (Магической битвы) Сукунаны дубляждаған дауысымен жақсы таниды.

Көрермен жүрегінен орын алған кәсіби шеберлер, келушілерді қызықтырған сұрақтарға жауап беріп, тәжірибелерімен де бөлісті.

«Дұрыс сөйлеуді дамытып, классиканы дауыстап оқыңыз. Алдымен сөзді және оның құрамындағы ойды талдауды, содан кейін оны дыбыстауды үйрену керек. Актерлік мамандық – бұл адамдармен сөйлесу немесе аудитория алдында сөйлеу, күнделікті даму, жаттығу арқылы келеді«, – деді Егор Васильев.

Халықаралық фестивальде тағы бір отандық кинотуындының тұсауы кесілді

Фестиваль барысында отандық көркем туындының да тұсауы кесілді. Фильм 2011 жылы Тараздағы террорлық акт салдарынан ажал құшқан Ғазиз Байтасов жайында. «Капитан Байтасов» атты туындыда басты кейіпкердің ерлігі баяндалады. Лаңкестік топқа тойтарыс беруі һәм ерлікпен қаза табуы барлығы фильмде көрініс тапқан. Фильм шынайы оқиғаға негізделген.

Comic Con-ның екінші күні де әсерге толы болды деуге толық негіз бар. Өйткені бұл күні Перси Хайнс Уайт пен Антон Лапенко сынды атақты әртістер бой көрсетті. Танымал өнер иелерінің Қазақстанға ат басын бұруының бірден-бір себебі фестиваль болса, екіншіден олар бұл шараға гик-мәдениеттің хедлайндері ретінде келді.

Comic Con Astana

«Астана таңғалдыруда»: әлемдік жұлдыздар әсерлерімен бөлісті…

«Лапенконың ішінде» комедиялық бейне роликтерімен көпке танымал ресейлік актер, әрі блогер Антон Лапенкоға Астананың атмосферасы қатты ұнаған. Тіпті таң-тамаша болғанын айтады. Шығармашылық жолының басталуы мен болашақа құрған жоспарларымен де бөлісті.

«Маған әрдайым өзімнің осы ісім ұнайтын. Әлеуметтік желі болмаған кезде де өзім үшін комедиялық бейнероликтер түсіріп, оны таспаларға түсіріп жүрдім. Ал блогерлік мансап «өздігінен» басталды және бірінші табысымнан кейін оның мазмұны мен конетін кеңейткім келді. Жаңа дүние ойлап тапқым келді. Ең алғашында мен көпірдің астына барғаным есімде. Бізде Зеленоградта парик дүкені болды. Мен бұл шашты сол жерден алдым, кидім және қандай да бір костюм кидім, болды. Осылайша әдеттегідей идеяларды бірден жасай бастадым. Ойлап тапқан кейіпкерлерімнің барлығы менің ішімде жүргендей әсер қалдырады. Жәй ғана киімімді ауыстырдым, образдар болса сәтті шығып отырды», – деді блогер.

Көрермен назарын аударған шараның тағы бір басты кейіпкері Перси Хайнс Уайт болды. Ол «Уэнсдэй» және «Дарындылар»сериалдарымен көпке танымал. Астанаға ат басын бұрған шетелдік әртіске де Қазақстанның бас қаласы ерекше әсер қалдырған. Оның қолтаңбасын алуға, естелік суретке түсуге асыққандардың қарасы қалың болғанын да айта кеткен жөн.

«Слово пацана» сериалының жұлдызы қай қазақстандық әртістің өнерін ұнатады?

Мадс Миккелсен және Рузиль Минекаев. Қос әртістің есімі де киносүйер қауымға жақсы таныс. Фестивальдің төртінші күнінде де бұл шетелдік өнер иелерін көруге асыққандар көп болды.  

Сахнаға бірінші болып ресейлік «Слово пацана» сериалының жұлдызы Рузиль Минекаев шықты. Фильм жарыққа шыққалы қызу талқыға түсіп, танымалдылығы арта түскен ресейлік әртіске де көрермендердің қояр сан сауалы бар. Келушілердің бірі Минекаевтан қандай қазақстандық актерлерді білетінін және қайсының өнері ұнайтыны жайлы сұрады.

 «Өкінішке орай, әртістердің аты-жөні есімде жоқ, бірақ мен қазақ сериалдары мен фильмдерін көп көрдім. Карантин кезінде «Шекер», «Пацанские истории», «Сержан Братан» фильмдерін тамашаладым. Ал үлкен жобалардың ішінен «Рэкетирді» көрдім», – деп бөлісті Рузил.

Сондай-ақ ресейлік әртіс татарша жақсы білетіндіктен, қазақ тілін жақсы түсінетінін айтады. Айтуынша, қазақстандық актерлер мен режиссерлердің шығармашылық жұмыстарын аса қызығушылықпен бақылап отырады.

Comic Con Astana

«Казино Роял», «Доктор Стренж», «Индиана Джонс» және басқа да фильмдердегі рөлдерімен танымал Мэдс Миккелсен де осы күні бой көрсетті. Ол жобаларды таңдағанда ең алдымен не нәрсеге мән беретінін айтты.

«Шын мәнінде, кейіпкер әрқашан үшінші орында, өйткені режиссер екінші орында. Мен үшін онымен бірдеңеге келіспейтін тұстарым болса да, онымен жақсы қарым-қатынаста болғаным өте маңызды. Кейіпкер әрқашан үшінші орында, ал бірінші орында әрқашан жобаның тарихы. Кейіпкер бір жақты болса да, егер оқиға керемет болса, мен оның рөлін ойнауға дайынмын», — деп түсіндірді Миккелсен.

Төрт күнге созылған фестиваль қазақстандық өнерсүйер жас буынды ерекше қызықтырды. Мұнда әртістермен сұхбаттан бөлек, түрлі ойын-сауық шаралары мен байқаулар жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Comic Con алаңында кез-келген талғамға сай атмосфералық іс-шара қыза түсті. Мәселен, Q-pop музыкасына билеу, жаңа орта, жаңа достармен Lego конструкторларын құрастыру сынды көңілді сергітетін сәттерге толы болды. Бір сөзбен айтқанда еркін формат, жоғары деңгейдегі ұйымдастыру. 

Comic Con Astana

Жүлде қоры 12 млн теңге болатын косплей байқауының жеңімпазы кімдер?

Айтпақшы, жүлде қоры 12 млн теңге болатын халықаралық косплей байқауы –фестивальдің басты шарасы болды. Оған Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Беларусь, Ресей, БАӘ, Қытай, Гүржістан, Черногория, Ұлыбритания, Армения, Кипр және Тайланд сынды 14 елдің косплейшілері өтініш білдірді. Барлығы 140-тан астам кәсіби косплейшілер қатысып, байқау финалына 51 жолдама алды.

Comic Con Astana

3,6 миллион теңге көлеміндегі Бас жүлде Ресейден келген Cosband Siberia командасына бұйырды. Олар Smite видео ойнындағы Valkyries Rage Thanatos және Ares-ті көрсетті.

Бірінші орын мен 1 миллион 700 мың теңге жүлдені Baldur s Gate 3 ойынындағы Shadowheart (Dark Justiciar armor) кейіпкерін ұсынған ресейлік косплейші Frau_Haku алды.

Екінші орын мен 1 миллион 100 мың теңге жүлдесін Sakizo Illustrator авторының Clown Doll қуыршағын көрсеткен қырғызстандық косплейші Ran Hime иеленді.

Үшінші орын Baldur s Gate 3 ойынындағы Karlach бейнесін сомдаған Санкт-Петербург, Ресейден келген косплейші Sazuraға бұйырды. Бұл жүлделі орынға 800 мың теңге бұйырды. Сондай-ақ байқауға қатысушылар 12 қосымша номинация бойынша марапаттарға ие болды.

Айта кетейік, ауқымды іс-шараға қолдау білдірген Freedom Bank, Astana Motors және басқа да компаниялар осы фестивальге  қатысты.

Сондай-ақ оқыңыз