Биыл жыл соңына дейін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде 112 мектеп ашылады. Оның 21-і мерзімен бұрын, тамыз айында оқу жылы басталғанға дейін пайдалануға беріледі. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы Үкіметте қаралды
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен өткен кеңесте «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының іске асырылу барысы қаралды.
Жиында мәлім болғандай, 2026 жылға дейін 740 мың оқушыға арналған жаңа форматтағы 369 мектеп салынады. Қазіргі уақытта 217 мектептің құрылыс жұмысы жүріп жатыр. Бұл ретте отандық тауар өндірушілерге басымдық беріледі. Ұлттық жобадағы қазақстандық өндіріс материалдарының үлесі орта есеппен 70%-ды құрайды. Оның ішінде құрылыс материалдары 90%-ға дейін отандық өнім болуға тиіс. Жиһаз өнімдері де тек отандық өндірістен қарастырылған.
«Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма төрағасы Мәулен Айманбетовтің айтуынша, алғашқы нысандарды іске қосу белгіленген мерзімнен бұрын аяқталған. Яғни 21 жайлы мектеп тамыз айында оқу жылы басталғанға дейін ашылады.
«Бұдан әрі жоспарға сәйкес қыркүйек айында 18 мектеп, қазан айында тағы 58 және жыл соңына дейін 112 мектеп ашылады. Сонымен қатар елімізде түрлі қаржы көздері есебінен 85 мектептің құрылысы жүргізілуде, оның ішінде 8 мектеп пайдалануға берілді және 30-дан астам мектепті жаңа оқу жылы басталғанға дейін салу жоспарлануда», – деп мәлімдеді Мәулен Айманбетов.
Жиында ұлттық жобаның 2-ші кезеңін іске асырудың ұйымдастыру мәселелері де талқыланды. Роман Скляр 2025 жылдың соңына дейін пайдалануға берілуі тиіс 152 жайлы мектептің құрылысы бойынша мердігерлерге қысқа мерзімде конкурс өткізуді тапсырды.
Еске салсақ, наурыз айында Антикор «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына бөлінген 2,4 трлн теңгенің игерілуін бақылауға алған болатын. Оларды уақтылы және сапалы салу үшін жауапты органдар мен «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Ұлттық жобаны іске асыру бойынша өзара іс-қимыл алгоритмін де әзірлеген еді.
Сондай-ақ премьер-министр Олжас Бектенов «Самұрық-Қазынаға» «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша мектеп салуға жер бермей отырған әкімдіктердің жұмысын сынға алып, оларға бұл мәселені шешуге жарты айдан артық уақыт берді. Бұдан бөлек, Үкімет құрылыс компаниялары «Жайлы мектеп» жобасы үшін ұсынған жобаны оңтайландырып, 300 млрд теңге үнемдемек.
Еске сала кетсек, «Жайлы мектеп» жобасы аясында мектеп салуға 2,4 трлн теңге бөлінетіні айтылған. Жоба аясында 2024 жылы 217 білім ошағы пайдалануға берілуі керек болған. Ал 2025 жылы тағы 152 ғимараттың құрылысы аяқталады деп жоспарланған. Жалпы жоба аясында 740 мың оқушыға арналған жаңа бағыттағы 369 заманауи мектеп салынуға тиіс.