Жаңалықтар

5-10 жыл бұрын дұрыс шешім қабылданбаған: Көлік министрі жолаушылар вагоны тапшылығының себебін түсіндірді

Қазақстанда жолаушылар вагоны тапшы / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қазақстанда жолаушылар вагоны тапшы. Көлік министрі ҚТЖ бұл мәселеге уақтылы мән бермегенін айтты. Ұлттық компания вагондарды дер кезінде жаңартуға қаражат бөлмеген. Бұл жайлы ведомство басшысы Марат Қарабаев Үкімет сағатынан кейін өткен брифингте айтты.

Журналистер министрден вагон тапшылығының, билет тапшылығының себебін сұрады.

«Бұған осыдан 5-10 жыл бұрын уақтылы дұрыс шешім қабылданбағаны себеп. Жаңа вагон сатып алуға айтарлықтай мән берілмеген. Компания қаражатты одан басқа ірі жобаларды жүзеге асыруға жұмсаған. Бұл жайлы біз талай рет айтқанбыз. Алдыңғы жылы министрлік осы мәселені ескеріп, ҚТЖ ұлттық компаниясында қозғалмалы құрам санын көбейту туралы шешім қабылдады. Мәселен, 2017-2018 жылдарды алып қарайтын болсақ, бұл кезеңде компания 100-ге жетер жетпес жолаушы вагонын сатып алған. Ал 2023 жылы 118 вагон сатып алдық», – дейді министр.

Қарабаевтың айтуынша, бүгінде ҚТЖ компаниясына 3 мың вагон қажет. Ал ҚТЖ паркінде небәрі 2667 вагон бар. Сондай-ақ соңғы 4 жылда 600-ге жуық жарамсыз вагон компания паркінің есебінен шығарылған. Ал оның орны бар болғаны 300 жаңа вагонмен толыққан. Министр вагон тапшылығын жабу үшін Үкімет тарапынан қажетті шаралар қабылданып жатқанын жеткізді.

Вагондар қандай қаражатқа сатып алынып жатыр?

Айта кетейік, «Қазақстан теміржолы» компаниясына 2025 жылға жоспарланған жаңа вагондарды сатып алу үшін 730 млрд теңге қажет. Марат Қарабаев бұл қаражатты ұлттық компанияның өз қаражаты немесе республикалық бюджет есебінен, сондай-ақ басқа елдерден инвестиция арқылы тарту жолдары қарастырылып жатқанын айтқан болатын. Қаржы республикалық бюджеттен немесе ҚТЖ-ның өз есебінен алынуы мүмкін екені айтылды.

Ал 2024 жылдың қаңтарында вагондарды «Бәйтерек» холдингі қаражатына сатып алынатыны белгілі болды. Ұлттық Банк «Бәйтерек» холдингінің облигацияларына 173 млрд теңге зейнетақы активтерін салған болатын. Бас банк бұл қаржы экономиканың нақты секторындағы ұзақмерзімді ірі жобаларды қаржыландыруға жұмсалатынын атап өтті. Өз кезегінде холдинг тартылған қаражатты көлік инфрақұрылымы саласындағы жобаларына жұмсайтынын мәлімдеді. Атап айтқанда, бұл қаражатқа жолаушылар және жүк вагондарының ескірген паркі жаңартылады.

Кейіннен бұл қаражатқа 3,3 мың вагон сатып алынатыны белгілі болды. Үкімет кулуарында Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров әрбір жүк вагонының құны 30-35 млн теңге, ал жолаушылар вагонының құны 700-800 млн теңге болатынын мәлім еткен.

Вагондар қазақстандық «Зиксто» компаниясынан сатып алынады. Байбазаров отандық өндірісті қолдау үшін дәл осы компания таңдалғанын айтқан.

Жалпы, ҚТЖ ескі вагондарынан 2030 жылы толық құтылуды жоспарлап отыр. Бұл туралы ҚТЖ-ның еншілес ұйымы – «Жолаушылар тасымалы» АҚ Бас директоры Жәнібек Тайжанов айтқан. Оның айтуынша, ҚТЖ иелігінде қолданылып келе жатқанына 28 жылдан асқан 600 вагон бар.