Қазақстандықтар 2024 жылғы 1-3 тамыз аралығында мемлекеттік онкология орталықтарында онкологтың білікті консультациясын мен өкпенің төмен дозалы компьютерлік томографиясынан тегін өте алады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Министрліктің мәліметінше, «Дүниежүзілік өкпе обырына қарсы күрес» күні қарсаңында өкпе обырының профилактикасына арналған ашық есік күндері өтеді.
Ашық есік күндері шеңберінде барлық ниет білдіруші онкологтың тегін кеңесін ала алады. Керек болса, өкпенің төмен дозалы компьютерлік томографиясынан (ТДКТ) өтеді. Бұл қызметтер өкпе обырының ықтимал белгілерін ерте анықтау және тұрақты тексерулердің маңызы туралы халықтың хабардар болуын арттыруға бағытталған.
Өкпе обыры – Қазақстандағы ең көп таралған онкологиялық аурулардың бірі. Жыл сайын шамамен 3500 жаңа жағдай анықталады. Бұл аурудың негізгі себебі – темекі шегу.
Қазақстандық онкологтар 45 пен 69 жас аралығындағы шылымқорларға жыл сайын компьютерлік томографиядан өтуді ұсынады. Бұл әдіс обырды ерте сатысында анықтауға мүмкіндік береді.
Дәрігерлер мына белгілер болған кезде консультация алуды ұсынады:
- Бұрын болмаған шаршау;
- Кеуде қуысындағы жайсыздық;
- Әлсіздік;
- Құрғақ жөтел;
- Кеуде қуысының ауыруы;
- Ентігу;
- Кейбір жағдайларда қан түкіру.
Сондай-ақ қабылдау 20 мемлекеттік онкология орталығында тегін өтеді. Алдын ала жазылу талап етілмейді, өзіңізбен бірге жеке куәлігіңіз болса болды.
Осыған дейін елімізде 11 жасар қыздарға жатыр мойны обырына қарсы вакцина егілетіні белгілі болды. Биыл оны сатып алуға 9 млрд теңге қарастырылып отыр.
Жатыр мойны обыры Қазақстандағы обыр ауруы бойынша екінші орында тұрғанын тоқталып өтті. Сондай-ақ Қазақстанда жыл сайын 1800 әйел жатыр мойны обырымен ауырып, 600-і қайтыс болады.