Жаңалықтар

Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмек бағасын Dari.kz қосымшасы арқылы бақылайды

Dari.kz қосымшасын App Store және Google Play электронды дүкендерінен тегін жүктеп алуға болады / Фото: kursiv.media; бильд-редакор: Ахтам Зитперов

Денсаулық министрлігі дәрі-дәрмек бағасын бақылап отыру үшін Dari.kz қосымшасын іске қосты. Ведомство осылайша дәріханалардағы өнім бағасын қадағалап отырмақшы. Бұл жайлы Денсаулық министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Денсаулық сақтау министрлігі азаматтарға дәрі-дәрмектің шекті бөлшек сауда бағасын бақылау үшін Dari.kz мобилдік қосымшасын пайдалануды ұсынады. Бұл өмірлік маңызды дәрі-дәрмектерге баға белгілеудің қолжетімділігі мен әділдігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – делінген баспасөз хабарламасында.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Dari.kz қосымшасының көмегімен пайдаланушылар бағаның тым қымбаттап кеткені жөнінде оңай және жылдам хабарлай алады.

Пайдаланушылар баға жайлы хабарлау үшін дәрі-дәрмектің түбіртегі мен қаптамасының суретін жүктеуі керек. Содан кейін ⁠Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық департаменттеріне автоматты түрде жіберілетін өтінішті жолдай алады.

Сонымен бірге қазақстандықтар бұл қосымша көмегімен сатып алған дәрі-дәрмектерді қолданғаннан кейін пайда болған жанама әсерлері туралы да хабарлай алады. Бұл бағамен қатар медициналық өнім сапасын бақылауға мүмкіндік береді.

Егер баға Денсаулық сақтау министрлігі белгілеген шекті бөлшек сауда бағасынан асып кетсе, онда дәріхана иелеріне айыппұл қарастырылған.

Бұл талапты бұзғандарға мынадай көлемде айыппұл салынады:

  • Жеке тұлғаларға – 70 АЕК;
  • ⁠Лауазымды тұлғаларға – 100 АЕК;
  • ⁠Шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 130 АЕК;
  • ⁠Орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 200 АЕК;
  • ⁠Ірі кәсіпкерлік субъектілері – 1000 АЕК.

Dari.kz қосымшасын App Store және Google Play электронды дүкендерінен тегін жүктеп алуға болады.

Дәрі-дәрмек бағасы қымбаттап кетті

Еске сала кетсек, Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов Денсаулық министрлігінің дәрі-дәрмек бағасын дұрыс бақыламайтынын айтқан болатын. Жүргізілген аудит барысында фармацевтикалық өнім айналымы саласында 36 жүйелік кемшілік анықталған. Сонымен бірге палата төрағасы мемлекеттік реттеу саласы тіркелмеген дәрілік заттардың бағасын қадағаламайтынына назар аударған. Айтуынша, бұл өндірушіге 2000%-ға дейін үстеме баға белгілеуіне жол ашады. 

Жоғарғы аудиторлық палата тексерісінен кейін, Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда дәрі-дәрмек бағасын төмендетуді көздеп отырғаны хабарланды. Бұл делдалдарды алып тастау және дәрі-дәрмектерді тікелей өндірушілерден сатып алған жағдайда жүзеге асады.

Министрлік сатып алу тиімділігін арттыру үшін тауарларды жоспарлау мен бөлуді автоматтандыратын ақпараттық жүйені енгізгенін мәлім етті. Бұл есептен шығарылған препараттардың санын азайтады. Сондай-ақ бірыңғай дистрибьютордың қызметі өндірушілермен тікелей шарттар жасасуға бағытталатынын мәлімдейді.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова фармацевтика компанияларын дәрі-дәрмек бағасын төмендетуге шақырды. Ол фармкомпанияларды «әлеуметтік жауапкершілік танытуға» үндеді.